Қазақстан ресейліктерді бір құжатсыз елге кіргізбейтін болады

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

2026 жылдан бастап Ресей азаматтарының 14 жасқа толмаған балалары Қазақстанға, Беларусь пен Қырғызстанға бару үшін міндетті түрде шетелдік төлқұжатпен шығуы тиіс, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

РФ ІІМ көші-қон қызметінің мәліметінше, бұл талап баланың ата-анасымен бірге не өзге еріп жүрушілермен жолға шығуына қарамастан қолданылады. Ал 14 жастан асқан және ересек ресейліктерге аталған елдерге ішкі ресейлік паспортпен кіруге рұқсат етіледі.

Сондай-ақ, 2026 жылдың 20 қаңтарына дейін туу туралы куәлікпен Ресейден шығып үлгерген балалар елге сол құжатпен қайта кіре алады. Министрлік жаңа ережелер Ресейден шығу және елге кіру тәртібіне енгізілген өзгерістерге байланысты қабылданғанын атап өтті.

РФ СІМ консулдық департаменті мұндай норма кәмелетке толмаған ресейлік балаларды бөтен немесе жалған туу туралы куәлік арқылы заңсыз әкету тәуекелін жоюға бағытталғанын түсіндірді. Өйткені бұл құжаттарда сурет болмайды және баланың жеке басын анықтау қиын.

КОНТЕКСТ

Еске сала кетсек, 30 маусымда Ресей шетелдіктердің биометриялық деректерін жинау жобасын ресми түрде іске қосқан. Визасыз режим орнатылған елдердің азаматтарына, оның ішінде қазақстандықтарға, сапар алдында Бірыңғай сәйкестендіру және аутентификация жүйесінде тіркеліп, ruID арқылы кіру өтінімін беру ұсынылған.

Арнайы қосымшада бет-әлпет пен төлқұжаттың суретін түсіріп, дауыс үлгісін жазып тапсыруға болады. Ресей тарапы бұған дейін бұл рәсімнің ерікті түрде жүргізілетінін мәлімдеген еді.