Украина Ақтөбеге жақын орналасқан Ресей қаласын дронмен атқылады

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Ресейдің Орынбор облысына қарасты Орск қаласына дрондар шабуылы жасалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Шабуылдың нысанасы

Украина БАҚ-тарының жазуынша, соққының негізгі нысанасы жылына 6,6 млн тонна мұнай өңдейтін «Орскнефтеоргсинтез» зауыты болған. Кәсіпорын бензин, дизель отыны, авиациялық керосин, мазут, битум және майлау материалдарын шығарады.

Ресми мәлімдемелер

Орск басшысы Артем Воробьев қалада Қорғаныс министрлігі күштері жұмыс істеп жатқанын хабарлап, тұрғындарға: «Көшеге шықпаңыздар және терезелерге жақындамаңыздар», – деп үндеу жасады.

Орынбор облысының губернаторы Евгений Солнцев те дрондар шабуылын растады.

- Құрметті оренбургтіктер, өңір аумағында қарсыластың дрондарымен бір өнеркәсіптік нысанға шабуыл жасалды. Халық арасында зардап шеккендер жоқ. Кәсіпорынның технологиялық процестері бұзылмаған. Оқиға орнында төтенше қызметтер жұмыс істеп жатыр, – деп жазды ол.

Кейінірек губернатор аймақтағы дрон шабуылына қатысты қауіптің сейілгенін хабарлады.