Банктер исламдық үлгімен жұмыс істейді: бұл қалай болмақ

Ілияс Бақыт
Ulysmedia коллажы

Қазақстанда жергілікті банктерге исламдық қаржыландыру қағидаттары бойынша қызмет көрсетуге мүмкіндік берілмек. Енді кез келген банк қосымша лицензия алмай-ақ, өз құрылымында арнайы бөлім – «исламдық терезе» ашу арқылы депозит, қаржыландыру және өзге де қызмет көрсете алады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ҚАЗІРГІ ЖАҒДАЙ

Бүгінде елде исламдық операцияларды тек жеке ислам банкін құру арқылы ғана жүргізуге рұқсат етілген. 

ИСЛАМДЫҚ ҚЫЗМЕТТІҢ НЕГІЗГІ ЕРЕКШЕЛІГІ

Исламдық қаржыландырудың басты айырмашылығы – пайызсыз жүйе. Яғни дәстүрлі кредиттің орнына сатып алу-сату, жалға беру немесе серіктестік келісімдері қолданылады.

Мұнда банк пайдасын пайыздан емес, үстемеақыдан немесе бірлескен қызметтен түсетін табыстан алады. Клиент пен банк тәуекел мен пайданы бөліседі. Мысалы, автокөлік алуда банк көлікті өзі сатып алып, клиентке үстемемен бөліп береді, бірақ пайыз қоспайды.

ҚАЗАҚСТАНДА РҰҚСАТ ЕТІЛГЕН ИСЛАМДЫҚ ҚЫЗМЕТТЕР

  • пайызсыз депозиттер (мұдараба, талап етілетін салымдар);

  • пайызсыз қарыздар (кард аль-хасан);

  • мурабаха – тауарды үстемемен сату, бірақ пайызсыз;

  • мушарака – серіктестік негізінде қаржыландыру;

  • иджара – жалға беру/лизинг;

  • вакала – агенттік қызметтер.

БАНКТЕРДЕ АРНАЙЫ БӨЛІМ ҚҰРЫЛАДЫ

«Исламдық терезелердің» жұмысы негізгі банк қызметінен бөлек ұйымдастырылады.

  • активтер мен міндеттемелер бөлек есептеледі;

  • қаржылық есеп берудің жаңа үлгісі енгізіледі;

  • қызметкерлер арнайы оқудан өтеді;

  • өнімдер шариғатқа сәйкестік кеңесінің мақұлдауымен жүзеге асады.

НАРЫҚҚА ӘСЕРІ

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Даурен Сәлімбаев Малайзия мен Пәкістандағыдай икемді реттеу үлгісі таңдалғанын атап өтті.

ЗАҢНАМА ЖАҢАРТЫЛАДЫ

Қазақстанда исламдық қаржыландырудың құқықтық негізі 2009 жылы қабылданған заң арқылы қаланған. Енді «Банктер және банк қызметі туралы» жаңа заң жобасы биылғы жылдың соңына дейін қабылдануы жоспарланып отыр.