Алматы облысының сотында Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетінің бұрынғы ректоры Асет Қалиевке қатысты ірі көлемде пара алу ісі бойынша үкім шығарылды. Сонымен қатар, кәсіпкер әйел Инесса Мутурганова да пара беру айыбымен сотталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
РЕКТОР ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ АТЫН ЖАМЫЛЫП ПАЙДА ТАПҚАН
Іс материалдарына сәйкес, 2022 жылдың күзінде ректор қызметіне тағайындалғаннан кейін Әсет Қалиев кәсіпкер Инесса Мутургановаға онкологиялық науқастарға арналған жаңа оңалту бөлімшесіне медициналық жабдық сатып алу үшін "Samruk-Kazyna Trust" қорынан қайырымдылық көмек сұрайтынын айтқан. Ол Мутургановаға өзіне тиесілі компаниялар атынан коммерциялық ұсыныс жіберуді ұсынып, мемлекеттік келісімшарттар жасауға көмектесуге уәде берген.
249 МИЛЛИОН ТЕҢГЕЛІК КЕЛІСІМ ЖӘНЕ ЖЕҢІЛ ТЕНДЕРЛЕР
2023 жылдың қыркүйегінде университет пен қор арасында 249 миллион теңгеге қайырымдылық көмек туралы келісім жасалды. Осыдан кейін Мутургановаға тиесілі "Aspasia LTD", "KIFMED" ЖШС және "Власова" ЖК компаниялары ректордың қолдауымен бірнеше рет тендер жеңіп, жалпы сомасы 196 миллион теңгеге жабдық жеткізген.
ПАРА ҚОЛМА-ҚОЛ БЕРІЛГЕН, АҚША МОРОЗИЛЬНИКТЕН ТАБЫЛДЫ
2023 жылдың желтоқсанынан 2024 жылдың мамырына дейін университет бұл компанияларға 182 миллион теңгеден астам қаражат аударған. Қалған келісімшарттар бойынша төлемдер кешіктірілгенде, Мутурганова Ақтөбеге келіп, 2024 жылдың 28 мамырында Қалиевке 11,64 миллион теңге көлемінде пара берген. Ақша қонақ үй маңында қолма-қол тапсырылған. Кейін Қалиевтің үйін тінту кезінде бұл қаражат оның тоңазытқышынан табылды.
СОТ ҮКІМІ: 8 ЖЫЛ ТҮРМЕ ЖӘНЕ МЕДАЛЬДАН АЙЫРУ
Сотта екі айыпталушы да кінәсін мойындамады, алайда куәгерлердің айғақтары мен тергеу материалдары олардың кінәсін дәлелдеді. Нәтижесінде Әсет Қалиев 8 жылға бас бостандығынан айырылды және "Ерен еңбегі үшін" мемлекеттік медалінен айырылды. Инесса Мутурганова да 8 жылға сотталып, сот залында қамауға алынды.