Almaty cyber games 2025: цифрлық дәуір – қазіргі жастардың дәуірі

Ulysmedia
Ашық дереккөзден

Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өткен Almaty Cyber Games International 2025 турнирінің ақтық сайысын мыңдаған көрермен тамашалады. Бұл ерекше форматта өткен сайыстың сахнасында әнші мен спортшы емес, киберспортшылар жұлдызға айналды.  Халықаралық деңгейде өткен ойынға қатысушылар Counter-Strike 2, Dota 2 және EA Sports FC 25 сайыстарынан бақ сынады.  Almaty Cyber Games International сайыс  емес, тұтас аймақтың мәдени әрі технологиялық кодындағы өзгерісті айшықтайтын ауқымды іс-шараға айналды.

Студенттік кампустан халықаралық аренаға дейінгі жол

2022 жылы бір топ энтузиаст Almaty Cyber Games-тің алғашқы маусымын бастағанда, бұл идея тек жергілікті бастама ретінде көрінген еді. Бүгінде аталмыш турнир Орталық Азиядағы ең ірі киберспорттық жобаға айналып, Қазақстан, Өзбекстан, Әзербайжан және Тәжікстан елдерінің командаларын біріктіріп отыр. Турнир университеттік қауымдастықтар, студенттік лигалар мен ұшқыр ойлы жастардың бастамасымен цифрлық стартап рухында дами түсуде.

Үш жыл аралығында ACG  жүздеген студенттер, геймерлер мен IT-мамандарды командада жұмыс істеу, талдау жүргізе білу, стратегия құру, алғашқы жүлдеге жету жолын үйрететін экожүйеге айналып үлгерген.

«Бұл жобада қызығушылықтың кәсіпке ұласатынын, ал ойынның ойлау құралына айнала алатынын көріп отырмыз. ACG-дің басты мақсаты — жеңіске жетуден де маңыздысы, келешекке қажет дағдыларды меңгеретін жаңа буынды қалыптастыру», — дейді Студенттік киберспорт ұлттық қауымдастығының президенті Рахматулло Саидуллаев..

Құлыбаевтың қоры:  киберспорт жастардың әлеуетін ашуға бағытталған жоба

Almaty Cyber Games International 2025 сайысының бас серіктесі — Тимур Құлыбаевтың «Halyk» қайырымдылық қоры. Білім мен әлеуметтік жобаларға бағытталған Қордың киберспортқа қолдау көрсетуі кездейсоқ таңдау емес. Қордың киберспорт бағытын қолдауы «ақылды қайырымдылықтың» (smart philanthropy) жалғасы. Бұл қағидаға сүйенетін қолдау түрі көмек көрсетуден бұрын, адамның әлеуетін дамытуға басымдық береді.

«Киберспорт –  келешектің емес, бүгінгі жастардың бағыты. Видеоойындар адамның зейінін, логикасын, реакциясын дамыта түседі. Біз бұл бағытқа қолдау көрсетіп отырмыз, өйткені киберспортты жастарды цифрлық бағытта дамытудың бірден-бір құралы ретінде қарастырамыз», – дейді «Halyk» қорының басқарушы директоры Нариман Әбілшайықов.

2025 жылы Halyk қоры студенттік лигалардан бастап халықаралық финалға дейін бірнеше киберспорт жобасының бас серіктесі ретінде танылуда. Қордың бұл қолдауы ареналарды техникалық жағынан жабдықтауға, жоғары сапада интернетпен қамтамасыз етуге,тікелей трансляцияларды ұйымдастыруға, сондай-ақ  жарысқа университеттерді тартуға септігін тигізіп отыр. Нәтижесінде елде білім, технология және спорт  салалары түйіскен жаңа инфрақұрылым қалыптасуда.

Университеттер мен қалалық әкімдіктің қолдауы

ACG дамытуға NNEF қорына қарасты Университеттер альянсы барынша үлес қосуда. Айта кетейік, Альянс құрамына  IITU, AITU, KBTU, UIB және Energo University  сынды елдегі жетекші жоғары оқу орындары кіреді. Одан қалды, Жоғары оқу орындарының альянсы мен Алматы қаласы әкімдігінің Цифрландыру басқармасының бірлескен қолдауының нәтижесінде киберспорт білім, IT және кәсіпкерлікті тоғыстырған әлеуеті зор ортаға айналуда. Мұндай қолдау университеттер цифрлық индустрияның қозғаушы күші бола алатынының бірден-бір дәлелі.

ACG International 2025 осы серіктестіктің жемісі. Турнирге қатысқан жастар сайыста тәжірибе жинаумен қатар, іс-шараны ұйымдастыру, контент жасау, талдау жүргізу, стриминг пен медиа-жобалар  жасау арқылы табысқа шығудың жолдарын да үйренді.

7 миллион теңге және мыңдаған жанкүйер

Жарыстың ақтық сайысы Алматыда өтті. Турнирге жиналған жанкүйер қатары да көп болды.  Айта кетейік, жарыстың жүлде қоры 7 миллион теңге, оның ішінде 1 миллион теңге фан-аймақтарға бөлінді.

Жарыс жеңімпаздары:

  • Counter-Strike 2: Team NOVAQ — 3 млн тг
     
  • Dota 2: Omega Cyber Lounge — 700 мың тг
     
  • EA Sports FC 25: 1erdaaa — 500 мың тг

Мыңдаған жанкүйер интерактивті аймақтарда, мини-турнирлер мен викториналарға қатысты. Нәтижесінде жарыстың ақтық сайысы ойыннан гөрі цифрлық мәдени фестивальге ұласқандай керемет әсер қалдырды.

Цифрлық дәуірдің қуаты

Киберспорт бүгінде ойын-сауық сипатынан әлдеқайда өзгерген. Бұл бағыт Орта Азия аймағында жастар мен бизнесті, білім ордаларын бір алаңға біріктіре алатын, өзара байланыс орнатудың заманауи құралына айналған.

Ал ACG сынды турнирлер жас буынның UX-тен бастап big data-ға дейінгі цифрлық дәуірге тән терминдерді еркін меңгере түсуіне өз септігің тигізуде. Бүгінде Қазақстан жаһандық digital-мәдениетке бір кіріпш болып қаланып, өзіндік орынын табуға қарқынды қадамдар жасауда. Бұл бағытта еліміз өзгенің дайын тәжірибесіне сүйенбей, өзіндік тың форматты қалыптастыру жолын таңдауда.  

Оған мыңдаған студент, геймерлер мен IT-мамандарды  бір  аренаға  жинаған ACG турнирі  дәлел. Бұл іс-шара цифрлық дәуір келешектің емес, қазіргі жастардың дәуірі екенін айшықтай түсіп, цифрлық дәуірдің қазақ тілінде сөйлейтінін аңғартты.