Путин Ресей әскерінің Украинадағы майдан даласында баяулағанын мойындады

Ulysmedia
Фото: Andrey Babushkin/Pool/REUTERS

Президент Владимир Путин Ресей осы жылдың басынан бері Украина аумағының бір пайызынан аз бөлігін ғана бақылауына алғанын мойындады, деп хабарлайды Ulysmedia.

Мән-жай

Ресей президенті Владимир Путин Украинаға қарсы соғыс басталғалы бері Ресей әскерініңжылжуы баяулағанын растады. Бұл туралы ол 7 қазан күні Қорғаныс министрлігі мен Бас штаб басшыларымен өткен кеңесте айтты. Кремль басшысының сөзі ресми сайтында да жарияланды.

Путин 2025 жылдың басынан бері Ресей әскері «шамамен бес мың шаршы шақырым – нақтырақ айтқанда, 4900 – аумақ пен 212 елді мекенді» бақылауына алғанын мәлімдеді.

Бұл көрсеткіштерді бұған дейін Украина бақылаушылары Ресей шабуылының баяулауы деген.

Сарапшылар зерттеуі

2025 жылдың тамызында Украинаның Deep State жобасы соңғы айларда Ресейдің дәл осындай көлемде аумақ басып алғанын хабарлаған болатын. Алайда жоба сарапшылары бұл сандарды Ресейдің Украинаға қарсы соғысы аясындағы минималды жетістіктер деп бағалаған.

Deep State мәліметінше, Ресей ең ірі аумақтарды басып алуға соғыстың алғашқы кезеңінде қол жеткізген — жалпы 108 651 шаршы шақырым. Ал 2022 жылдың 12 қарашасынан (ол кезде Ресей әскері Херсоннан шегінген) 2025 жылдың 17 тамызына дейін Ресей әскері бар болғаны 5842 шаршы шақырым жерді ғана басып алған. Бұл — Украина аумағының небәрі 0,97 пайызы.

Путин мәлімдеген «4900 шаршы шақырым» Deep State көрсеткен кезеңдегі жалпы аумақтық ілгерілеудің бір бөлігі ғана және стратегиялық тұрғыда аса ауқымды жетістік болып саналмайды.

Путин мәлімдеген 4900 шаршы шақырым аумақ — бұл Донецк (26 517 шаршы шақырым) және Луганск (27 183 шаршы шақырым) облыстарының жалпы көлемінен бірнеше есе аз. Сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, 2025 жылдың тамызында Кремль басшысы Украинадан Донбастағы Украина (ҚКУ) бақылауындағы аумақтардан әскерді шығаруын талап еткен. Бұл — Мәскеу көздеген «бейбіт келіссөздерге» алғышарт болуы керек еді.

Алайда, 2025 жылдың тамыз айының соңына қарай Украина әскері Донецк облысының шамамен 30%, яғни 7 900 шаршы шақырымнан астам аумағын бақылауда ұстап отырған. Бұл сан Путиннің өзі айтқан биылғы жылы басып алынған 4900 шаршы шақырымнан әлдеқайда көп.

Яғни, бір ғана Донецк облысында Путин соғыссыз алғысы келетін аумақ көлемі Ресей әскері бүкіл 2025 жыл бойы әскери жолмен басып алған жерден едәуір көп. Бұл — Ресейдің нақты әскери жетістіктері мен саяси талаптарының арасында айтарлықтай айырмашылық бар екенін көрсетеді.

Зеленскийдің мәлімдемесі

Украина президенті Владимир Зеленский Ресейдің Донбасты беруді талап етуіне байланысты, сондай-ақ Ресей әскерінің шабуыл әрекеттеріндегі ілгерілеудің болмауына назар аударды. Бұл жағдайды ол 2025 жылдың тамызында Ақ үйде өткен кездесуде АҚШ президенті Дональд Трамппен де талқылаған.

«Төрт жылға жуық уақытқа созылған соғыс барысында олар Донецк облысының үштен бірін ғана оккупациялады. Сондықтан мен түсіндірдім: «Олар жыл соңына дейін бүкіл Донбасты басып алады» деген әңгімелер — бос сөз. Егер олар осындай қарқынмен жылжи берсе, бүкіл Донбасты басып алу үшін оларға тағы төрт жыл керек болады», – деген Зеленский кездесуде.

Сондай-ақ, Зеленскийдің айтуынша, Ресей Сум және Харьков облыстарында да айтарлықтай табысқа жете алмайды. Ал Украина әскерлері бұл аумақтардан жауды ақыры қуып шығады.

«Мысалы, соңғы мың күн ішінде Ресей Украина территориясының 1%-дан азын ғана оккупациялады. Көп адамдар «20%» немесе «18%» деп ойлайды, бірақ әңгіме 1%-ға да жетпейтін аумақ туралы», — деген ол.

Зеленскийдің сөзінше, Ресейдің талаптары мен насихаты шынайы әскери нәтижелермен сәйкес келмейді. Оның айтуынша, Украина өз аумақтарын қорғап отыр және ұзақ мерзімді перспективада қарсыласын шегіндіруге қабілетті.