12 мың адам донор болудан бас тартқан – себебі неде

Ілияс Бақыт
Әлеуметтік желіден

Қазақстанда өмірін жалғастыру үшін ағза ауыстыруды қажет ететін азаматтардың қатары көбейіп барады. Қазіргі таңда 4 мың 300-ден астам адам донор күтуде. Олардың басым бөлігі – бүйрекке мұқтаж науқастар, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Дәрігерлер бұл мәселенің жалғыз тиімді шешімі – мәйіттік трансплантацияны дамыту екенін айтады.

ЖЫЛ САЙЫН ҮШ ЖҮЗДЕН АСТАМ НАУҚАС ДОНОР ТАППАЙ ҚАЙТЫС БОЛАДЫ

Мамандардың айтуынша, қазір елімізде ағза ауыстыру оталарының 90 пайызы тек туыс адамдардың арасында жасалады. Ал донор таба алмай, үміті үзілген 300-ге жуық адам жыл сайын көз жұмады.

МӘЙІТТІК ДОНОРЛЫҚҚА ҚАТЫСТЫ ҚОҒАМДЫҚ ПІКІР ӘЛІ ЕКІҰШТЫ

Статистика көрсеткендей, мәйіттік донор болуға көбіне солтүстік пен орталық өңір тұрғындары келісім білдіреді. Ал оңтүстік пен батыс аймақтарында мұндай шешімге баруға қоғам әлі дайын емес.

eGov порталында жүргізілген сауалнама нәтижесі де осыны айғақтайды: 10 мыңнан астам адам қайтыс болған соң ағзасын донор ретінде беруге келіссе, 112 мыңнан астам азамат мұндай мүмкіндікке үзілді-кесілді қарсы шыққан.

МАМАНДАР НЕ ДЕЙДІ?

Дәрігерлердің пікірінше, қоғамда мәйіттік донорлық туралы түсіндіру жұмыстарының аздығы мен көрсетілімдік мысалдардың жоқтығы — ең үлкен кедергілердің бірі. Олар егер халықтың көзқарасы өзгерсе, ағза жетіспеушілігі мәселесі айтарлықтай азаяр еді дейді.