NASA деректері қазақстандық студенттерге көмектесті

Сырым Қаржас
Фото: msn.com

Павлодарлық студенттер ауа сапасын бақылауға және болжауға арналған инновациялық қосымша әзірледі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Экология мен технология түйіскен жоба

Жоба идеясы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректерінен туған. ДДСҰ мәліметінше, жыл сайын әлем бойынша миллиондаған адам лас ауа салдарынан көз жұмады. Ал Павлодарда өнеркәсіптік кәсіпорындардың көптігі экологиялық жағдайды күрделендіріп отыр. Осы мәселені шешуге ниеттенген студенттер NASA-ның спутниктік, жерүсті және метеодеректерін біріктіріп, қарапайым карта емес, жасанды интеллект негізіндегі толыққанды жүйе құрған.

Жасанды интеллект ауа сапасын алдын ала болжайды

– Біз деректерді ықшам форматта — вектор түрінде сақтаймыз, бұл жүйенің жылдам жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. AI алгоритмі осы деректердің негізінде алдағы 24 сағатқа болжам жасап, апталық трендтерді көрсетеді. Барлығы нақты уақыт режимінде жұмыс істейді. Мысалы, Павлодар картасын басқанда бірден ескерту аласыз: «Ыстық ауа райына байланысты NO₂ деңгейі 20% көтеріледі, мектептерге серуенді шектеу ұсынылады». Визуализация үшін NASA GIBS спутниктік карталары қолданылды, графиктер Plotly арқылы жасалды, ал серверлік бөлігі Flask платформасында іске асты, – дейді жоба жетекшісі Аристид Попандопуло.

Команданың құрамы

Жоба авторларының қатарында Аристид Попандопуломен бірге Жігер Жапар, Әділ Төлеубаев, Әліжан Болат және Бараат Кахималаев бар.