Халыққа аузына келгенін айтқан Шығыс Қазақстан облысындағы Зайсан ауданына қарасты Шілікті ауылдық округінің әкімі жазасын алды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Шығыстағы Шілікті ауылдық округінің әкімі Қуаныш Төлеухан ұсақ бұзақылық үшін айыппұл төлеуге міндеттелді.
«Қызметтік кабинеттегі кездесу кезінде әкім жиналғандарды балағаттап, бейәдеп сөздер айтқан. Оның әрекеті бейнежазбаға түсіріліп, сотқа ұсынылған. Әкім кінәсін мойындап, кешірім сұрап, жасаған ісіне өкініш білдірді», — деп хабарлады сот өкілдері.
Зайсан аудандық соты оны ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы бойынша кінәлі деп танып, 55 048 теңге көлемінде айыппұл салды. Бұл шешім әлі заңды күшіне енген жоқ.
ВИДЕО
Әлеуметтік желіде тараған видеода ауыл әкімі қабылдауға келген ауыл тұрғындарымен дөрекі сөйлесіп, былапыт сөздер айтқанын көруге болады. Жиналыста ауыл тұрғындарынан бөлек полиция қызметкері де болған.
БҰҒАН ДЕЙІН
Бұл жайтқа қатысты ШҚО әкімдігі де жауап берген болатын.