Алматы полициясы Абай даңғылындағы тротуарда қызды қағып кеткен электросамокат жүргізушісін іздестіріп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Әлеуметтік желілерде жоғары жылдамдықпен кетіп бара жатқан электросамокат жүргізушісі қызды қағып, оқиға орнынан қашып кеткені туралы ақпарат тарады. Оқиға салдарынан қыз аяғын жарақаттап алған.
Қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл факті бойынша Алмалы аудандық полиция басқармасы тексеріс бастаған.
– Бізде құқық бұзушылардың жеке басын анықтап, оларды жауапқа тартуға мүмкіндік беретін техникалық құралдың бәрі бар, соның ішінде бейнебақылау жүйесі де қолданылады. Оқиға орнынан кетіп қалу — жай ғана жауапсыздық емес, заң бұзу. Ал жәбірленушіге көмек көрсетпеу — адамгершілікке де, заңға да қайшы, – деді Алмалы аудандық полиция басқармасының бастығы Мақсат Пшан.
Алматы полициясы жол қозғалысына қатысушылардың барлығын — жаяу жүргіншілерді, велосипед және самокат мінушілерді — жол қозғалысы ережелерін және қоғамдық тәртіп нормаларын қатаң сақтауға үндеді.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске салайық, президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдауында самокаттарға қатысты мәселе көтерді.
– Бұл тақырып қоғамда қызу талқыланып жатыр. Екі жыл бұрын заңға өзгерістер енгізіліп, жаяу жүргіншілер жолдарымен жүруге шектеулер қойылды. Бірақ қоғамдық орындардағы жағдай айтарлықтай өзгерген жоқ, азаматтар әлі де қауіпке тап болып отыр. Бүгінде осы саланы реттейтін заңнамалық түзетулер дайындалды. Оларды жедел қабылдау қажет. Әрбір азаматтың, әрбір баланың өмірі – баға жетпес құндылық. Мұнда ұсақ-түйек деген болмауы тиіс. Ақыр соңында, бұл – «Қауіпсіз Қазақстанды» құру жолындағы маңызды қадамдар, – деді мемлекет басшысы.
Ал Алматы мәслихатының депутаты Бейбіт Құсайынов қалада лектросамокаттарды уақытша шектеуді ұсынды.