Жамбыл облысында алты жастағы бала ауруханаға түскеннен кейін қайтыс болды. Қайғыдан қан жұтқан туыстары медициналық көмек дер кезінде көрсетілмеді деп есептеп, әділ тергеу жүргізуді талап етіп отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Sputnik-ке сілтеме жасап.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Жамбыл облысындағы Құлан ауылындағы аурухана бұл отбасы үшін бұрыннан қайғылы жерге айналған – екі жыл бұрын дәл осы жерде баланың сегіз айлық жүкті анасы көз жұмған.
Баланың әпкесінің айтуынша, алты жастағы Әли бір аптадан астам уақыт бойы ауырсынудан қиналған, өйткені дәрігердің қабылдауына кіре алмаған. Ал 7 қазан күні ауруханаға жатқызылғанымен, дәрігерлердің көрсеткен көмегі оның өмірін сақтап қала алмаған.
ДӘЙЕКСӨЗ
– Мен кінәлілердің заң алдында жауап бергенін қалаймын. Біздің ауылда құсып-лоқсыған баланы емдей алмайтын дәрігерлер жұмыс істемеуі керек, – деді баланың әпкесі Асылай Есенғали.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы бұл қайғылы жағдай бойынша тергеу басталғанын хабарлады.
Істі тек жергілікті комиссия емес, медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті де қарайды.