Байденнің дерті туралы не белгілі?

Сырым Қаржас
Фото: AP Photo

АҚШ-тың бұрынғы президенті Джо Байден қуық асты безінің агрессивті түрімен күресіп, емнің жаңа кезеңінен өтіп жатыр. Бұл туралы оның өкілі хабарлады. Өкілдің айтуынша, Байденге арнайы емдеу жоспары бойынша сәулелік терапия мен гормоналды препараттар тағайындалған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Сәулемен емдеу курсы шамамен бес аптаға есептелген. Сонымен қатар, Байден гормоналды әсері бар дәрі-дәрмек қабылдап жатыр. Биыл мамыр айында АҚШ-тың экс-президенті өзінің диагнозын жария еткен болатын: ол бойынша Глисон шкаласы бойынша 9 ұпай (бесінші топ) — қатерліліктің ең жоғары деңгейлерінің бірі, ал ісік сүйектерге метастаз берген.

NBC News дереккөздері 82 жастағы Байденнің «өзін жақсы сезінетінін» хабарлаған. Қыркүйек айында ол терідегі қатерлі ісікті алып тастау үшін ота жасатқан, сол кезде біраз уақыт маңдайында таңғышпен көпшілік алдына шыққан еді.

Байден бұған дейін дәрігерге зәр шығару қиындығына байланысты жүгінгенін, тексеру кезінде дәрігерлер оның ағзасынан агрессивті ісік түрін анықтағанын түсіндірген.

Сарапшылардың айтуынша, мұндай қатерлі ісік түрі гормонға тәуелді болып келеді, сондықтан дұрыс терапия кезінде оны бақылауда ұстауға болады. Cancer Research UK мәліметінше, Глисон шкаласы бойынша 9 ұпай алған ісік «жылдам өсетін» саналады және дереу емдеуді қажет етеді.

БҰҒАН ДЕЙІН

Еске салайық, мамырда АҚШ-тың бұрынғы президенті Джо Байден өзіне қуық асты безінің қатерлі ісігі диагнозы қойылғаннан кейін мәлімдеме жасаған болатын.