Үкімет сағатында депутаттар әскердегі әлімжеттік мәселесін көтерді. Бірашама сын айтылғанымен, әлі күнге бірде бір оң өзгеріс жоқтығын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында депутат Наталья Дементьева әскердегі өлім-жітім мәселесін көтеріп, Қорғаныс министрлігінен нақты шараларды талап етті.
– Қашан бейбіт уақытта сарбаз өліміне біржола нүкте қойылады? Аналар ұлдарын әскерге жіберуден қашан қорықпайтын болады? – деп сұрады депутат министрліктен.
Сауалға Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев жауап берді. Оның айтуынша, қазіргі таңда армияда әскери психологтардың жұмысы күшейтіліп, психикалық денсаулық орталықтарының әлеуеті кеңейтілуде. Сонымен қатар жасанды интеллект негізінде әзірленген Telegram-боттар іске қосылған.
- Әскери психологтар біліктілігін арттыру курстарынан өтуде. Психикалық денсаулық орталықтарының мүмкіндігін толық пайдалану бағытында шаралар қабылданып жатыр – тек армияда емес, өңірлердегі орталықтармен де байланыс күшейтілді. Сонымен бірге, жасанды интеллект негізінде жасалған Telegram-боттар іске қосылды. Бұл жаңа сервис тәулік бойы әрі анонимді түрде сарбаздар мен олардың отбасыларына психологиялық көмек көрсетеді, – деді Жазықбаев.
Оның сөзінше, министрлікте жұмыс тобы құрылып, әскери қызметке іріктеу жүйесіндегі психологиялық тесттер қайта қаралуда. Сонымен қатар, жоғары оқу орындарындағы психология мамандығының студенттері әскер бөлімдерінде тәжірибеден өтуді бастаған.
Бұл бағытта үлкен өзгеріс керек: депутат
Мәжіліс депутаты Абзал Құспан да бұл мәселені айналып өтпеді. Ол қорғаныс саласындағы әрекетсіздікке ашулы екенін айтты.
- Әскердегі өлім-жітім тоқтар емес. Парламент тарапынан бұл жөнінде талай сын айтылды, бірақ нәтиже жоқ. Бұл бағытта үлкен өзгерістер керек. Онсыз болмайды, – деді депутат.
Құспанның айтуынша, ол мәселені көзбен көру үшін бірқатар әскери бөлімшелерді аралап шыққан. Алайда сарбаздар тарапынан ешқандай шағым естімегенін жеткізді.
- Сарбаздар басшылықтың көзінше артық әңгіме айта алмайды. Сол себепті ешкім шағымданбайды. Ал шындығында, мәселе бар және ол тереңде жатыр, – деді халық қалаулысы.
Контекст
Қазақстан әскеріндегі сарбаз өлімдері соңғы жылдары қоғамда үлкен алаң тудырып отыр. Бірқатар резонансты істерде ресми нұсқа «өз-өзіне қол салды» деп жарияланғанымен, туыстары мен қоғам белсенділері мұнымен келіспей, тәуелсіз тергеу жүргізуді талап етіп келеді.