Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Талғарда болған атышулы оқиға жайлы істің тергеліп жатқанынын айтты. Қыркүйекте ер адамды өлтіріп, 2 жасар қыз баланың ұрлануына қатысты бүгінде 17 іс тіркелген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Журналистер министрден Талғарда болған қылмыстар жөнінде түсініктеме сұрады. Ержан Сәденов қалада 500 мыңнан астам тұрғын барын алға тартып, өңірдегі инфрақұрылым халық санынан сай келмейтінін айтты. Сондықтан сймақта штат тапшылығы бар.
Өз сөзін қала туралы пікірінен бастады:
- Ең алдымен, Талғар – әдемі қала. Болдыңыздар ма сол жерде? Өкінішке қарай, бар инфрақұрылым тұрғын санына сай келмейді. Менің білуімше, онда 500 мыңнан астам адам тұрады. Қазір бірқатар шара қабылдадық, бұған дейін де қабылданған. Неге бұлай айтып отырмын? Себебі, басқа өңірлердегідей мұнда да штат тапшылығы бар. Бұл қала – Алматының шекарасында орналасқан іс жүзінде қала маңы. Бұл жағдайда да жіберілген қателіктер бар, жауапты тұлғалар бірінші және екінші рет те жазаланды, – деді министр.
Сәденовтің айтуынша, қылмыс елдің барлық өңірінде орын алуы мүмкін. Бірақ “бұл полиция жұмыс істемейді дегенді білдірмейді” деп ақтағандай болды. Десе де, аталған іс бойынша 17 қылмыстық іс тергеліп, оның ішінде полиция қызметкерлерінің қатысы барын да айтты.
- Бастапқы арыз түскен кезде-ақ тиісті шешім қабылдануы керек еді. Қазір бұл істе көптеген сұрақтар бар, тергеу жүріп жатыр. Барлығы 17 қылмыстық іс қозғалды. Тергеу толық жүргізіліп, сотқа жолданады. Кейбір материалдарда біздің қызметкерлердің де есімдері бар. Әркім адал жұмыс істеуі керек. Ел бойынша да штат тапшылығы мәселесі бар. 2026 жылдан кейін әкімдермен бірлесіп, штат санын арттыру бастамасын көтереміз. Халық саны өсіп келеді. Иә, қазір цифрландыру жүріп жатыр, бірақ учаскелік инспектор сияқты лауазымдарда бәрібір тірі адам жұмыс істеуі керек,– деді министр.
ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ
6 қыркүйекте Алматы облысының Талғар қаласында ер адам бұрынғы азаматтық жұбайының ағасын атып өлтіріп, оның кішкентай қызын ұрлап кеткен. Кейін күдікті баламен бірге көлікпен ізін жасырған. ІІМ бұл дерек бойынша кісі өлтіру және адам ұрлау фактілері бойынша қылмыстық істер қозғаған.
Полиция арнайы жасақпен бірлесіп операция жүргізіп, қыз баланы аман-есен құтқарып, күдіктіні ұстаған.
Адвокат Гаухар Сариева мәлімдегендей, осы қылмысқа дейін бір ай бұрын ол полицияға зорлау фактісі бойынша арыз түсірген, алайда құқық қорғау органдары күдіктіні босатып жіберген.