Ақтөбе облысының Ойыл ауданында 14 жастағы мектеп оқушысы дәрігерге «қуығым ауырды» деп жүгінгенде, оның босануға келгені белгілі болды. Кейін белгілі болғандай, жасөспірім әжесінің күйеуінен жүкті болып қалған. Күдікті 1961 жылы туған, ол қазір қамауға алынып, іс сотқа дейінгі тергеуде, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ІСТІҢ МӘН-ЖАЙЫ
Полиция мәліметінше, қылмыстық іс қозғалып, барлық мән-жай тексеріліп жатыр. Болат Көшқалиев, Ақтөбе облысы ПД бастығының орынбасары Болат Көшқалиевтің айтуынша, күдікті тұлға қамауға алынған.
-Аталған факті бойынша полиция тарапынан қылмыстық іс қозғалды. Күдікті тұлға анықталып, қамауға алынды. Оқиғаның барлық мән-жайын, сондай-ақ құқық бұзушылықтың жасалуына ықпал еткен себептер мен жағдайларды анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Іс толық бақылауға алынды,-деді.
ЖАСӨСПІРІМНІҢ ЖҮКТІЛІГІН БІР ЖАН БАЙҚАМАҒАН
Қыз бала – Ойыл ауданындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы. Ата-анасы ажырасқан, анасының қолында тәрбиеленіп келген. Ал нағашы әжесінің алпыстан асқан күйеуі өгей немересіне көз салған көрінеді. Білім басқармасының басшысы Нұргүл Бертілеуованың сөзінше, ол биыл үш рет медициналық тексеруден өткен дейді білім басқармасы. Наурызда – аудандық ауруханада 13–18 наурыз аралығында, мамырда – жазғы лагерьге бару алдында профилактикалық тексеруде және қыркүйекте – мектептің жолдамасымен денсаулығына байланысты тексерістен өткен.
Бірақ дәрігерлер оның жүктілігін байқамаған. Тек жақында ауырсынуға байланысты мектептегі медбикеге барған. Қаралған кезде ғана толғағы басталып, бала босанды. Сәби дүниеге келген соң күдікке ілінген әжесінің жолдасы дереу ұсталды.
- Қыз бала осы уақытқа дейін үш рет медициналық тексерістен өткен. Мектептің жолдауымен скринингтен, жазғы лагерьге бару үшін профилактикалық тексеруден және денсаулығына байланысты қыркүйек айында медициналық тексерістен өткен. Үшеуінде де ерте жүктілік белгілері байқалмаған,-деді.
Мектеп ұжымы да, медицина қызметкерлері де оқушының жүктілігін байқамады. Бұны қоғам «бақылау жүйесіндегі үлкен олқылық» деп атап, сынға алуда.
ДСМ МЕКТЕПТЕГІ СКРИНИНГКЕ ӨЗГЕРІС ЕНГІЗБЕК
Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев жүкті болып қалған оқушының үш рет тексеруден өткенін жоққа шығарды.
- Негізінде толыққанды профилактикалық тексеру болған жоқ. Наурыз айының басында тек бір скрининг жасалған. Сол кезде жүктіліктің ерте кезеңі болғандықтан, оны анықтау мүмкін болмаған. Ал скринингке офтальмолог, отоларинголог сияқты мамандар қатысады, акушер-гинекологтар болмайды, -дейді.
Министрлік қазір қыз балалардың жоғары сыныптарда гинеколог пен акушер тексеруінен өту мүмкіндігін қарастырып жатқанын хабарлады.
- Бұл тек осы жағдайға байланысты емес. Жалпы, мұндай тәжірибе пайдалы болуы мүмкін деп есептейміз, — деді Сұлтанғазиев.
ШОШЫНҒАН ДЕПУТАТТАР КІМДІ КІНӘЛАЙДЫ?
Бұл жағдайға Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова қатты күйзеліс білдірді. Ол мұны қоғамның, мектептің және денсаулық сақтау жүйесінің жауапсыздығы деп бағалады:
- Мен шок жағдайында болдым. Бұл балаға өте жаным ашиды. Әрине, қылмыскер жауап беруі тиіс. Бірақ мені таңғалдырғаны – мектеп те, дәрігерлер де қыздың жүкті екенін байқамаған. Қыз бала сырт келбеттен, мінез-құлықтан өзгереді ғой. Мұны байқау мүмкін емес емес. Бұл – немқұрайлылық, бейжайлық-деп есептейді.
Смирнованың айтуынша, дәл осы жағдай еліміздегі медицина жүйесінің шынайы бет-бейнесін ашып берді.
- Біздің медицинаның айнасы — дәл осы оқиғада анық көрінді. Тоғыз ай бойы жүкті қызды байқамау – бұл кәсіби жауапсыздықтың көрінісі-деді.
Ал бұрынғы Білім министрі, қазіргі Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов дәл осы жағдайдан хабарсыз екенін айтты. Десе де, мұндай мәселелердің жалғыз себебі тек медициналық бақылауда емес, қоғамдағы мәдени және тәрбиелік жүйеде екенін атап өтті.
- Қыздарға арналған міндетті скринингтер енгізсек те, бұл мәселені толық шешеді деп ешкім кепілдік бере алмайды. Бұл – кешенді мәселе. Мәселе тек медицинада емес, отбасындағы тәрбиеде, ақпараттық мәдениетте, мектептегі ахуалда. Сондықтан алдымен зерттеу жүргізіп, барлық факторды терең талдау қажет,-дейді.
КОНТЕКСТ
Соңғы бес жылда елімізде 18 жасқа толмаған қыздар арасында 12 мыңға жуық жүктілік жағдайы тіркелген. Бұл туралы бұған дейін Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Жұлдызай Ысқақова мәлімдеген еді. Оның айтуынша, 15 пен 19 жас аралығындағы жасөспірімдердің үштен бірі жыныстық тұрғыда белсенді. Алайда БҰҰ Халық қорының зерттеуіне сәйкес, олардың 90 пайызы ВИЧ және ЖИТС туралы жеткілікті білімі жоқ. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегі бойынша, инфекция белгілері байқалған жастардың 60 пайыздан астамы дәрігерге жүгінбейді.
Биылғы жылдың алғашқы төрт айында балаларға арналған психологиялық қолдау орталықтарына 74 мыңнан астам өтініш түскен. Оның шамамен 300-і – зорлық-зомбылық фактілеріне, соның ішінде отбасындағы және көшедегі күш көрсету жағдайларына қатысты болған.