Бұл – Ресей жағында соғысқан Қазақстан азаматтары, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
"Хочу жить" жобасының мәліметінше, Украинада Ресей тарапынан жалданған 270 Қазақстан азаматы қаза тапқан. Жоба авторлары бұл тізім толық емес екенін атап өтті – "қаза тапқандар мен із-түзсіз кеткендердің нақты саны бұдан бірнеше есе көп болуы мүмкін". Белгілі болғандай, ең жас қаза тапқан адамның жасы – 19, ал ең үлкені – 64 жаста болған.
ЖАЛДАНУ ЖОЛДАРЫ
Қазақстанда ресейлік жалдаушылар тікелей интернет жарнамасы мен "Ресейде жоғары жалақы төленетін жұмыс" ұсынатын жалған жұмысқа орналастыру агенттіктері арқылы әрекет етеді деп хабарланады.
ПІКІР
– Біздің мәліметіміз бойынша, Ресей кейбір "алыс" елдерден жалдау процесінен біртіндеп бас тартып, тілдік кедергісі төмен көршілес мемлекеттерге басымдық беріп отыр. Бұл Қазақстан Республикасының билігі мен қоғамы ресейлік жалдау желілеріне қарсы күресті күшейтуі қажет екенін білдіреді. Әйтпесе, Ресей Қазақстан азаматтарын өлімге жібере бермек, – делінген жарияланымда.
Қаза тапқандардың толық тізімі осы сілтемеде берілген.
ЖАЛДАМАЛЫ “ЖАУЫНГЕРЛЕР”
Қазақстанда жалдамалы ретінде соғысқандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Басқа ел аумағындағы ұрыстарға жалдамалылық белгілері болмаса да қатысқандар 5 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал жалдамалылық үшін – 7 жылдан бастап өмір бойына дейін бас бостандығынан айыру, азаматтықтан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы қарастырылған.
АНЫҚТАМА ҮШІН
"Хочу жить" – Украина үкіметінің әскери тұтқындармен жұмыс жөніндегі үйлестіру штабы жүзеге асыратын мемлекеттік жоба. Ол РФ Қарулы күштерінің өмірін сақтап, қауіпсіз жағдайда тұтқынға берілгісі келетін әскери қызметшілеріне; мобилизация қаупі бар РФ азаматтарына; сондай-ақ Украина жағына өткісі келетін ресейлік әскери және бейбіт тұрғындарға көмек көрсетуге бағытталған.