Еуразиялық экономикалық комиссияның деректеріне сәйкес, алдағы уақытта Қытайдан келетін импорттық тауарлардың бағасы төмендеуі ықтимал. Бұл туралы ЕЭК-тің Кедендік-тарифтік және тарифтік емес реттеу департаментінің директоры Ваагн Казарян мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Оның айтуынша, АҚШ-та енгізілген «Трамп баждары» салдарынан Қытай өнімдері америкалық нарықта сұраныссыз қалып, өндірушілер басқа бағыттарға — соның ішінде Еуразиялық экономикалық одақ нарығына кеңінен шығуға мәжбүр болады. Оларға жаңа нарық керек.
— Егер АҚШ нарығы жабылса, Қытайда тауар артық қалады. Сол себепті олар басқа нарықтарға шығу үшін бағаны төмендетуге мәжбүр болады. Бұл біздің нарықта бәсекені күшейтіп, сапаны арттырып, бағаның төмендеуіне әкелуі мүмкін, - деді Казарян.
Сонымен қатар, ЕЭК-де жоғары деңгейлі жұмыс тобы құрылып, «Трамп баждарының» әсерін талдау және қажет болған жағдайда тарифтік және тарифтік емес шараларды қабылдау жоспарланып отыр.
Казарянның айтуынша, комиссия Дүниежүзілік сауда ұйымы алдындағы міндеттемелерді сақтай отырып, кедендік-тарифтік саясатты белсенді түрде қайта қарап жатыр.
—Біз заңды, барлық салықтар мен баждарды төлейтін тауарлар бойынша бағаның көтерілуін күтпейміз. Керісінше, бәсекенің күшеюі бағаны төмендетеді, - деп атап өтті ол.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске салайық, сәуірде АҚШ Президенті Дональд Трамп Қытайға қарсы жаңа сауда баждарын енгізетінін мәлімдеді.