Рейдерлік ісі: Нұрбол Назарбаев тергеуге ілінді

Сырым Қаржас
Коллаж: Ұлысмедиа

Нұрбол Назарбаев рейдерлік ісіне байланысты тергеуге ілінді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Бұл туралы бас прокурор Берік Асыловтың депутат Ермұрат Бапиге берген жауабында айтылған. Асыловтың сөзінше, Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті кәсіпкер Қуат Ерментаевқа тиесілі «PORUS» ЖШС-ның жарғылық капиталының 16% үлесін заңсыз қайта тіркеу фактісі бойынша тергеп-тексеруді жүргізген. 

Оның нəтижесі бойынша қылмыстық іс былтыр 22 ақпанда қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылған. Кейін сотқа дейінгі іс жүргізу материалдарын зерделеу қорытындысы бойынша жəне Қуат Ерментаев келтірген дəлелдерді ескере отырып, 9 қазанда бұрын қабылданған шешімнің күші жойылды.

- Қазіргі уақытта Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті келтірілген фактілерді жан-жақты жəне объективті тексеруге бағытталған қосымша тергеу əрекеттерін жүргізуде. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысы прокуратура органдарының тұрақты бақылауында, делінген жауапта

НАЗАРБАЕВТЫҢ ҚАНДАЙ ҚАТЫСЫ БАР? 

1 қазанда мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Болат Назарбаевтың ұлына қатысты рейдерлік істі қайта тергеуді талап еткен болатын. 

КӘСІПКЕРДІҢ ШАҒЫМЫ

Депутаттың айтуынша, оған Қарағанды тұрғыны Қуат Ерментаевтан өтініш түскен. Ол өз бизнесін Нұрбол Назарбаев рейдерлік жолмен тартып алғанын айтып, әділдік пен қорғау сұраған.

- Ерментаевтың айтуынша, Алматы прокуратурасы мен Экономикалық тергеп-тексеру департаменті 2022 жылы оның мүлкін, нақтырақ айтқанда “Porus” ЖШС-дегі үлесін рейдерлік жолмен тартып алу фактісі бойынша іс қозғаған. Бірақ 2024 жылы прокуратура “қылмыс құрамының болмауына байланысты” істі тоқтатып тастаған, — деді Бапи.