Құзырлы органдар табылған 13 тонна кокаин туралы неге үнсіз?

Сырым Қаржас
Коллаж: Ұлысмедиа

ІІМ өкілдері Алматыда ҰҚК жүргізген рекордтық көлемдегі кокаин тәркілеу операциясына алғаш рет түсініктеме берді. Олар 13 тоннадан астам есірткі мен екі шетел азаматының ұсталғанын растады, алайда егжей-тегжейін жариялаудан бас тартты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

- Тергеу мүддесі үшін, – деп ІІМ өкілдері бірнеше рет қайталады.

Бірақ бұл сөздің астарында не жатыр және құны екі триллион теңгеден асатын табыс туралы неге ешкім ашық айтпайды?

ЖАҢА СЫЛТАУ

ОКҚ брифингінде Ulysmedia.kz журналисі операцияның мән-жайын білуге тырысты. ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов жағдайды былай түсіндірді:

- Есірткі қылмыстары, өздеріңіз білесіздер, балама бапқа жатады. Мұнда Ішкі істер министрлігі, Қаржылық мониторинг агенттігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және басқа да уәкілетті мемлекеттік органдар айналысады. Бұл факт нақты Ұлттық қауіпсіздік комитеті тарапынан анықталған, сондықтан тергеуді дәл қазір солар жүргізіп жатыр – деді Әлжанов.

Оның әріптесі, ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті басқармасының бастығы Бақытжан Әмірханов та кейбір детальдармен бөлісті, бірақ көп ашып айтпады.

- 13 тонна кокаинның тәркіленгенін ҰҚК растады. Екі шетел азаматының ұсталғаны да расталды. Алайда тергеу мүддесі және есірткінің біздің ел арқылы өту арналары пысықталып жатқандықтан, бұл ақпарат әзірге жарияланбайды, – деді Әмірханов.

Оның айтуынша, тергеу аяқталған соң, барлық ақпарат ашық жарияланады.

Бұған дейін Ішкі істер министрі Ержан Сәденов те Ulysmedia.kz тілшісінің сұрағына жауап беруден бас тартып, ҰҚК-ге жүгінуді сұраған еді. Редакция өткен аптада комитетке ресми сауал жолдаған, бірақ әзірге жауап келмеді.

КОНТЕКСТ

Биыл қыркүйек айында құқық қорғау органдары Қазақстан тарихындағы ең ірі есірткі тәркілеу операциясы туралы хабарлаған болатын — 13 тонна 183 келі кокаин қолға түскен.
Жүктің бағыты Казахстан арқылы транзитпен үшінші елдерге жеткізуді көздеген.