Ақтөбеде сабақ үстінде толғағы келген 9-сынып оқушысы ұл бала дүниеге әкелді

Динара Жарқынбек
Ulysmedia

Ақтөбе облысының Ойыл ауданында 9-сынып оқушысы сабақ кезінде іші ауырғанын айтып жылаған. Кейін дәрігерлер оның жүкті екенін және толғағы келгенін анықтады. ДСМ қазір баланың да жас ананың да жағдайы қалыпты екенін хабарлады.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Оқиға 13 қазан күні болған. Мұғалімдер қызды бірден аудандық ауруханаға жеткізген. Сол жерде дәрігерлер оқушының жүктілігі 39 апталық екенін айтып, оны облыс орталығына жөнелткен. Қыз сол күні ұл баланы дүниеге әкелді.

Нәрестенің салмағы 2,7 кг. Ана мен бала қазір Облыстық перинаталдық орталықта дәрігерлердің бақылауында.

- Жасөспірімде ешқандай асқынулар болған жоқ, бала да аман-есен. Оқушыны облыстың бас акушер-гинекологы қарап шықты. Ата-анасы сәбиді өз қарауына алмақ, — деді Денсаулық сақтау министрлігінің Ана мен бала денсаулығын сақтау басқармасының басшысы Шакизат Халықова.

КОНТЕКСТ

Мектеп әкімшілігінің айтуынша, оқушы – тәртіпті, белсенді, сабақты жақсы оқитын бала болған. Ол қоғамдық шараларға үнемі қатысып, ұстаздар күніне арналған концертте де өнер көрсеткен. Қыздың жүкті екенін ешкім байқамаған, ал оқиға күні сабақ үстінде іші ауырғанын айтып жылағаннан кейін ғана дәрігерге жеткізілген. Медициналық тексеру барысында оның толғағы келгені анықталған.

Қыз қыркүйек айында жоспарлы медициналық тексеруден өткен, бірақ жүктілік сол кезде анықталмаған.

Оқиғаға байланысты облыстық денсаулық сақтау басқармасы қызметтік тексеріс жүргізу үшін арнайы комиссия құрды. Ал полиция департаменті қылмыстық іс қозғап, күдікті тұлғаны қамауға алды. Қазір оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатыр. Бейресми деректерге сүйенсек, күдікті ретінде қыздың өгей әкесі ұсталған.