Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова әлеуметтік желіде өзіне қатысты айтылып жатқан сынға жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Министрдің сөзінше, оның педагогикалық еңбек өтілі жиырма жылдан асады.
- Мектептегі тәжірибесі жайлы 1 жыл деген ақпарат қисынсыз. Жалпы менің педагогикалық еңбек өтілім — жиырма жылдан асады. Осы уақыттың ішінде №139 мектепте жұмыс істедім, сондай-ақ зияткерлік мектептер жүйесінде тоғыз жылдан астам еңбек еттім. Зияткерлік мектептерде методолог ретінде қызмет атқардым, кейін Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы зияткерлік мектептің директоры лауазымына дейін көтерілдім, – дейді министр.
Ол орталық аппаратта білім беру саясатын айқындау, типтік оқу жоспарларын әзірлеу және оқу бағдарламаларын жетілдіру бағытында жұмыс істедім. Сондай-ақ оқу зертханаларындағы құрал-жабдықтарды оқу процесінде тиімді пайдалану сияқты нақты міндеттемелерді атқарғанын айтады.
- Сондықтан менің еңбек өтілімді «бір жыл ғана» деу — қисынсыз. Бұдан бөлек, жоғары оқу орындарында да оқытушылық қызметтен бастап, жастар ісі және оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі проректордың орынбасары қызметтерін атқардым. Бұл да менің білім беру саласындағы жүйелі еңбек тәжірибемнің бір бөлігі, – дейді Сүлейменова,
Министр мектеп директоры болған кезі туралы да айтты.
- Мектеп директоры болған кезде де сабақ процесінен қол үзген жоқпын — 7–9-сыныптарға дәріс беріп, оқушылармен тікелей жұмыс істедім. Сондықтан педагогикалық қызмет мен үшін тек кәсіби жол емес, сонымен қатар өз ұстанымым мен өмірлік бағытым, – дейді ведомство басшысы.
ТАҒАЙЫНДАУ
Еске салайық, экс-депутат Жұлдыз Сүлейменова 20 қыркүйекте оқу-ағарту министрі болып тағайындалған.