Қазақстанда жанармай бағасына қойылған шектеу көктемге дейін сақталады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
КӨКТЕМГЕ ДЕЙІН САҚТАЛАДЫ
АИ-92 маркалы бензин мен дизель отынының құнын көтеруге қатысты шектеу келер жылдың көктеміне дейін күшінде болады. Бұл туралы Үкімет басшысының орынбасары әрі Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, елімізде жанармай бағасы төмен болған жағдайда, оны шекара асырып заңсыз тасымалдау деректері жиілейді. Мұндай әрекеттер түрлі айла-шарғы арқылы жүзеге асырылады — отандық өнім шетелге шығарылып, кейін Қазақстанға қайта жеткізіліп, жоғары бағамен сатылады.
«Бұл шектеу кем дегенде келесі жылдың көктеміне дейін сақталады. Бізге алдымен көрші елдердегі жағдайдың тұрақтануын күту қажет. Біз баға айырмасын қысқартуға тырысып жатырмыз, бірақ ол керісінше ұлғайып барады. Бұған, біріншіден, валюта бағамының айырмашылығы себеп, екіншіден, кейбір көрші мемлекеттерде жанармай тапшылығы туындады. Ал тапшылық бағаны өсіреді. Олар бізден айырмашылығы — бағаны реттемейді, ұстамайды. Жалпы алғанда, процестердің ашықтығы, реформаларға деген көзқарас, оларды қоғаммен талқылау секілді мәселелер барлық елдерде бірдей емес», — деді Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.
БҰҒАН ДЕЙІН
16 қазанда Қазақстанда АИ-92 бензині мен дизель отынының бағасын көтеруге тыйым салынды. Энергетика министрлігі уақытша мораторийдің қалай жұмыс істейтінін түсіндірді.
Экономист Мағбат Спанов бұл шешім ұзақ мерзімді перспективада Қазақстанда тапшылық туындатуы мүмкін деп есептейтінін жазған едік.