«Заң мүмкіндік бермейді»: Бас прокуратура Нұрбол Назарбаевқа қатысты депутат сауалына жауап берді

Ulysmedia
ulysmedia коллажы

Бас прокурор Берік Асылов Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол Назарбаевтың активтеріне қатысты Ринат Зайтовтың депутаттық сауалына жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.

Мән-жай

Бас прокурор Берік Асылов Нұрбол Назарбаевтың активтерін қайтару процесінде ашықтықты талап еткен депутат Ринат Зайтовқа «оған заң мүмкіндік бермейді» деп жауап берген.

«Заң шеңберіндегі жұмыспен сіздің сауалыңызда көрсетілген тұлға да қамтылған. Дегенмен, Заңның 8-бабының 3-тармағына сəйкес активтерді қайтару жөніндегі уəкілетті орган жəне комиссияның мүшелері алынған мəліметтердің сақталуын жəне құпиялылығын қамтамасыз етуге міндетті. Сіз көрсеткен ақпарат активтерді заңсыз иемденуге, шығаруға қарсы іс-қимыл жасау жəне оларды қайтару барысындағы жұмыста ескерілетін болады», – деп жазылған бас прокурордың жауабында.

Қайтарылған активтер

Бұдан бөлек, бас прокурордың жауабында заңсыз иемденген активтерді мемлекетке қайтару мəселелері жөніндегі комиссияның шешімі бойынша, елде 1,3 трлн теңге көлемінде шаралар қабылданғаны туралы жазылған.

«Заң субъектілерімен жасалған келісімдерге сəйкес мемлекет пайдасына ерікті түрде шамамен 750 млрд теңге қаражат аударылып, 103 млрд теңгеге мүлік заттай түрде тапсырылды», – деп жазылған жауапта.

Нұрбол Назарбаевтың беймәлім соты

Қыркүйекте активтерді қайтару комитеті (қазір инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті деп аталады). Нұрбол Назарбаевты сотқа берген. Сот өткен, бірақ оның нақты мазмұны мен мән-жайы жарияланбады. Прокуратура істің құпия екенін айтып, қандай айыптар тағылғанын және қандай активтер тәркіленгенін түсіндірген жоқ. Белгілісі — Нұрбол Назарбаев 57 миллиард теңге көлеміндегі мүліктен айырылып, мемлекет пайдасына қайтаруға міндеттелген.

Депутаттың сауалы

Осыдан кейін мәжіліс депутаты Ринат Зайыт бас прокурорға сауал жолдады. Ол Нүрбол Назарбаевқа қатысты сот шешімін беймәлім қалғанын айтып, Берік Асыловтан кейбір ақпаратты ашық жариялауды талап еткен.

«Нұрбол Назарбаевтың иелігіндегі компаниялар мен активтерге түгендеме жүргізіп, оның заңдылығын анықтау, заңсыздарын мемлекет меншігіне қайтаруды, аталған қайтарылған заңсыз активтер және олардың пайдаланылуы бойынша толық ақпаратты жұртшылыққа қолжетімді етуді, «Алтын орда» базары және Алматы қаласы мен облысындағы заңсыз иеленген жер телімдері бойынша тергеуді бастауды сұраймыз», – деген сол уақытта депутат.

Өзін банкрот деп тануды сұраған Нұрбол Назарбаев

Қазан басында Нұрбол Назарбаев өзін банкрот деп тануды сұрап, арыз түсіргені белгілі болған.

Қазақстандағы ең бай кәсіпкерлер қатарындағы Нұрбол Назарбаев

Нұрбол Назарбаев – Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаевтың ұлы. Ол әр жылдары прокуратура, ішкі істер саласында қызмет істеген.

Forbes Kazakhstan журналының биылғы есебінше, Нұрбол Назарбаев Қазақстандағы ең бай 75 кәсіпкердің арасында 57-орында тұр. Ол Алматы және Алматы облысында бірнеше компанияға иелік етеді. Негізгісі — Prime cap. Adata.kz-дегі дерекке қарағанда компания жабылу процесінде. Қазақстанда Нұрбол Назарбаевты рейдерлік жолмен кәсібімізді тартып алды деп айыптаған бизнесмендер бар.