Макронның әйелін трансвестит деп атағандардың соты басталды

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

Парижде Франция президентінің жұбайы Брижит Макронға қарсы жала жабу ісі бойынша сот процесі басталды. Айыпталушылар – желіде оның «еркек болып туғаны» жөнінде жалған мәлімет таратқан 10 адам, деп хабарлайды Ulysmedia.kz ВВС-ке сілтеме жасап.

МӘН-ЖАЙ

Айыпталушылардың арасында сегіз ер адам және екі әйел бар, жастары 41 мен 65 аралығында. Оларға Брижит пен Эммануэль Макрондардың жас айырмашылығына қатысты қорлайтын пікірлер айтқаны үшін де айып тағылып отыр: Брижитке – 72, Эммануэльге – 47 жас. Президенттің жұбайы соттың алғашқы отырысына қатысқан жоқ және оның адвокатының айтуынша, сотқа келуді жоспарлап отырған жоқ. Оның орнына қызы – Тиффани Озье куәлік беруі мүмкін.

Айыпталушылардың арасында шенеунік, көркем галерея иесі, мұғалім және интернет-экстрасенс бар. Соңғысы – 51 жастағы Дельфин Ж., желіде Амандин Руа атымен танымал. Ол өзін «журналист» деп атаған Наташа Реймен бірге 2021 жылы видео жазып, онда Брижит Макрон іс жүзінде оның ағасы Жан-Мишель болып, жынысын ауыстырған деп мәлімдеген. Видео YouTube-та кең таралып, 2017 жылы Эммануэль Макрон президент болғаннан бері тарап жүрген түрлі қастандық теорияларына түрткі болды. Кейін бұл екі әйел жала жапқаны үшін сотталған, алайда апелляцияны ұтып шыққан. Енді Макрондар отбасы қарсы талап арыз беріп отыр.

КОНТЕКСТ

Брижит Макронның «трансгендерлігі» туралы интернет-теориялар Франция шекарасынан асып, әсіресе АҚШ-та тарады. Онда бұл тақырыпты оңшыл блогер Кэндис Оуэнс көтерген. Өткен жылдың жазында Макрондар отбасы оны әдейі жалған ақпарат таратып, саяси зиян келтірмек болды деп айыптап, сотқа берген.

Париждегі айыпталушылардың бірі – баспагер Орельян Пуарсон-Атлан, желіде Zoe Sagan лақап атымен танымал. Ол сотта «өзі де травля құрбаны болды» деп мәлімдеді. Оны шамамен жүз мың жазылушысы бар галерея иесі Бертран С. қолдады.

Брижит Макрон болашақ күйеуімен мектепте танысқан – ол кезде Брижит мұғалім, ал Эммануэль оқушы болған. Олар 2007 жылы үйленді: ол кезде Брижит 54-те, ал Эммануэль 29 жаста еді.