Ресей шабуылы Украина дәрі-дәрмек қорының 20% жойды

Ілияс Бақыт
Ашық дереккөзден

"Экономикалық шындық" басылымының жазуынша, 25 қазанда Ресейдің Киевке жасаған шабуылының негізгі нысандарының бірі – "Оптима-Фарм" фармацевтикалық компаниясының орталық қоймасы болған. Шығын көлемі 100 миллион доллар деп бағаланған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҚТАЙ ҚИРАҒАН

25 қазанға қараған түні Киевке жасалған жаппай шабуыл кезінде "Оптима-Фарм" компаниясының қоймасы мен кеңсесі толықтай қираған. Бұл компания – Украинадағы дәрі-дәрмек таратумен айналысатын екінші ірі дистрибьютор. Басылым дерегінше, орталық өңірлерге қызмет көрсеткен қойма "толықтай жермен-жексен етілген". Шабуыл салдарынан өнімдер, жабдықтар және дерекқорлар жойылған.

Компания мәліметіне сәйкес, қоймада жойылған дәрі-дәрмек көлемі елдің бір айлық қорының шамамен 20%-ын құрайды. Экономикалық шығын – 100 миллион доллар. Сонымен қатар, басылым сұхбаттасушылары шабуылдың ең үлкен материалдық емес зияны – дерекқорлардың жойылуы екенін атап өтті. Бұл базаларда жеткізу тізбегі, логистикалық маршруттар және "Оптима-Фарм" серіктес дәріхана желілерінің қажеттіліктері туралы ақпарат сақталған.

ҚОЙМАНЫҢ АТҚЫЛАНУЫ

Қираған қойма Киев пен Киев облысына дәрі-дәрмек жеткізіп тұрған. 27 қазанда тауар жөнелту уақытша тоқтатылды. "Экономикалық шындық" дереккөздері қойманың жойылуы қысқа мерзімді дәрі тапшылығына себеп болуы мүмкін деп болжайды. "Оптима-Фарм" компаниясының бас директоры Игорь Гуцал дәрі-дәрмек тасымалын осы аптада қайта бастау жоспарланып отырғанын мәлімдеді.

"Оптима-Фарм" – "БаДМ"-нан кейінгі Украинадағы екінші ірі фармацевтикалық дистрибьютор. Екі компания бірігіп елдің дәрі-дәрмек нарығының 85%-ын бақылауда ұстайды. Айта кетейік, 28 тамызға қараған түні ресейлік әскери күштер Киевтегі "Оптима-Фарм" қоймасын тағы да атқылаған болатын. Ол кезде де дәрі-дәрмектер мен қойма ғимараты жойылған.