Астанада белгісіз тұлғалар тұрғындарға қоңырау шалып, өздерін емханалардың қызметкерлері ретінде таныстырып, скринингке жазылуды растау үшін SMS арқылы келген кодты айтуын сұрайтын жаңа алаяқтық тәсіл тіркелді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мемлекеттік медициналық ұйымдар ешқашан скринингке шақыруды немесе тексеріске жазылуды растау үшін SMS-код сұрамайтынын мәлімдеді.
«Соңғы уақытта өзін медицина қызметкері ретінде таныстырып, SMS арқылы келген кодты сұрайтын телефон арқылы алаяқтық жағдайлары жиілеп кетті. Шынайы емханалар мұндай әдістерді қолданбайды. Мұндай қоңыраулар денсаулық сақтау жүйесіне еш қатысы жоқ», – деп атап өтті басқарма.
Мамандардың айтуынша, SMS-кодтар тек ресми цифрлық сервистерге кіру немесе солардың ішіндегі әрекеттерді растау үшін қолданылады. Астана тұрғындарына мұндай деректерді бөгде адамдарға бермеуге қатаң кеңес беріледі.
Жақында осындай жағдай тұрғын үй кешенінің чатында талқыланды. Юлия есімді тұрғынның айтуынша, белгісіз әйел оның анасына қоңырау шалып, өзін медбике ретінде таныстырып, скринингтен өтуді ұсынған. Кейін SMS арқылы келген кодты сұраған. Алаяқтықты сезген әйел кодты айтудан бас тартып, алданудан аман қалған.
Басқарма ескертеді: егер сізге медициналық мекеме атынан қоңырау шалып, растау кодын сұраса – бұл алаяқтар.