Украинаның «Хочу жить» мемлекеттік жобасы Ресей армиясы жағында Украинадағы соғысқа қатысып қаза тапқан немесе хабар-ошарсыз кеткен өзбекстандықтардың тізімін жариялады. Тізімде 481 адамның аты-жөні бар, деп хабарлайды Ulysmedia.
Мән-жай
«Хочу жить» өкілдерінің айтуынша, бұл тізім толық емес — шын мәнінде қаза тапқандар мен жоғалғандардың саны бұдан бірнеше есе көп болуы мүмкін.
«Өзбекстан Ресей қарулы күштері қатарында соғысып жүрген шетелдік жалдамалылар саны бойынша көшбасшы ел. Бізге кемінде 2 715 өзбек азаматының аты белгілі, олар Украинаға қарсы соғысқа қатысқан немесе қатысып жатыр. Бұл сан жыл сайын өсуде: 2023 жылы 498 өзбек келісімшартқа отырса, 2024 жылы 941 адам, ал 2025 жылдың алғашқы жартысында шамамен 1 300 өзбек азаматы Ресей армиясы құрамында соғысқа аттанған», – делінген жоба хабарламасында.
«Хочу жить» жобасының мәліметінше, соғыс кезінде тұтқынға түскен шетелдіктер арасында да өзбек азаматтары бірінші орында тұр.
«Бұл таңғаларлық емес. Тек 2025 жылы ғана Ресейге 1,8 миллион өзбек азаматы келген. Олардың көбі еңбек мигранттары ретінде Ресейге барады. Бірақ барлығы бірдей жұмысқа орналаса бермейді. Қазір Ресейге«шабуылдаушы ет» — яғни жаяу немесе ескі көліктермен (“буханка”) Украинаға шабуыл жасайтын адамдар ауадай қажет. Бұл — адам шығыны көп, нәтижесіз тактика, сондықтан мұндай «штурмовиктер» үнемі қажет», – деп жазады жоба авторлары.
Контекст
12 тамызда «Хочу жить» жобасы келісімшарт мерзімі аяқталғаннан кейін де Ресей армиясында қалып қойған шетелдік жалдамалылар саны бойынша елдердің тізімін жариялаған болатын. Онда 426 өзбек азаматының келісімшарт мерзімі біткеніне қарамастан Ресей армиясының қатарында қалғаны айтылған.
Бұған дейін «Хочу жить» жобасы Украинаға қарсы Ресей жағында соғысып, қаза болған немесе із-түссіз жоғалған 270 Қазақстан азаматының тізімін жариялаған. Ulysmedia тізімде қаза тапты деп көрсетілген адамдардың туыстарымен тілдесіп көргін.