Қазақстанда қытайлық маркетплейстер бұғатталуы мүмкін

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстанда салық міндеттемелерін орындамайтын шетелдік интернет-маркетплейстерді бұғаттау жоспарланып отыр. Бұл туралы Қаржы министрлігінде өткен брифингте Мемлекеттік кірістер комитеті қосымша құн салығын әкімшілендіру басқармасының басшысы Еділ Әзімшайық мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

– Бұл интернет-ресурстар салықтық ескертулер мен талаптарды орындамаған жағдайда бұғатталады, – деді Әзімшайық.

Оның айтуынша, шетелдік компаниялар салық төлеуші ретінде тіркеліп, Мемлекеттік кірістер комитетінен келген ескертулерді орындамаса, олардың ақпараттық ресурстарына қолжетімділік тоқтатылады. Бұл – олардың Қазақстан аумағында жұмыс істеу мүмкіндігін шектейді. Алайда бұл шара нақты қалай іске асырылатынын салық органдары әзірге түсіндірмеді.

– Біз олардың шығыс операцияларын тоқтатпаймыз, өйткені олардың Қазақстанда банк шоттары жоқ. Бірақ басқа тетік қарастырылған – егер ескерту орындалмаса, шетелдік компаниялардың ақпараттық ресурстарына қолжетімділік шектеледі, – деп нақтылады ол.

Әзімшайықтың айтуынша, мұндай компанияларды анықтау жұмыстары Ұлттық банк пен екінші деңгейлі банктермен бірлесе жүргізіледі. Шетелдік маркетплейстерге жасалатын төлемдер бойынша салық органдарына ақпарат түсіп, тиісті шаралар қабылданады.

Сөз болып отырғандар – қазақстандықтар арзан тауар сатып алу үшін жиі пайдаланатын Pinduoduo, Taobao, 1688 және басқа да танымал қытайлық онлайн-платформалар. Салық органдарының мәліметінше, бұл компаниялар салық міндеттемелерін үнемі орындап отырмайды.