Сапаров ет бағасы тұрақты болады деп уәде берді

Сырым Қаржас
ЖИ / ulysmedia.kz

Үкімет отырысынан кейін өткен брифинг барысында журналистер ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтан жаңа жыл қарсаңында еттің бағасы қанша болатынын сұрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ҚАЗІР ЕТ БАҒАСЫ ҚАНША?

БАҚ өкілдері биыл ет бағасының айтарлықтай қымбаттағанын еске салды. Сарапшылар да бағаның әрі қарай өсуін болжайды. Айдарбек Сапаровтың айтуынша, бағаның өсуіне сыртқы нарықтағы жоғары сұраныс себеп болған, алайда қазіргі уақытта қазақстандық нарықтағы ет бағасы тұрақтанған.

– Бүгінгі статистика бойынша еттің орташа бағасы 3249 теңге. Кеше мен өзім дүкендер мен базарларға жібердім, міне, фотолар да бар. 3500–3600 теңге шамасында, кей жерлерде 4300–5000 теңге, бірақ ол еттің премиум бөлігі – филесі. Орташа баға тұрақты және әзірге осы деңгейде сақталады, – деді министр.

ӘЗІРГЕ БОЛЖАМ ЖОҚ

Журналистердің «Жаңа жылда және 2026 жылдың басында ет қанша тұрады?» деген нақтылау сұрағына министр айқын жауап бермеді.

– Алдын ала болжам жасамаймыз. Бірақ бағаны осы деңгейде ұстап тұруға тырысамыз. Неге десеңіздер, қазір біз тірі малды экспортқа шығармаймыз, ал ет экспортына квота қойылған. Сондықтан қиындық тумауы керек деп ойлаймын, – деді Айдарбек Сапаров.

БҰҒАН ДЕЙІН

Еске салайық, бұған дейін ауыл шаруашылығы саласының сарапшысы, экономика ғылымдарының докторы Төлеутай Рахымбеков Қазақстанда ет 15-20 мыңға дейін қымбаттайтынын айтқан болатын.