Солтүстік Корея Ресейге тағы 5 мың әскер жіберді

Сырым Қаржас
Фото: Anadolu via Getty Images

Солтүстік Корея Ресейге шамамен бес мың әскери қызметкерін жіберді. Бұл туралы Euractiv басылымы Оңтүстік Кореяның Ұлттық барлау қызметі (NIS) деректеріне сілтеме жасап мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Сеулдің мәліметінше, солтүстіккореялық әскери қызметкерлер Ресейге қыркүйек айынан бастап жіберілген. Ресми түрде олар «инфрақұрылымды қалпына келтіру жұмыстарына қатысу үшін» барған.

Оңтүстік Корея парламентінің депутаты Ли Сон Гюнның айтуынша, «қыркүйектен бері шамамен 5 мың солтүстіккореялық құрылыс әскері кезең-кезеңімен Ресейге жіберілді және олар инфрақұрылымдық жобаларға тартылатын болады».

Барлау қызметі жаңа әскери бөлімшелерді жіберуге дайындық жүріп жатқанын да тіркеген. NIS бағалауы бойынша, Ресей мен Украина шекарасына жақын аумақтарда барлығы 10 мыңға дейін солтүстіккореялық әскер болуы мүмкін.

Оңтүстік Корея тарапы Украина аумағында кем дегенде 600 солдаттың қаза тапқанын, ал бірнеше мыңының жарақат алғанын мәлімдеді.

САНКЦИЯЛАР

Сарапшылардың айтуынша, Ресейге қолдау көрсеткені үшін Пхеньян қаржылай көмек, әскери технология, азық-түлік пен энергия ресурстарын алып отыр. Бұл – Солтүстік Кореяға өзінің ядролық бағдарламасына байланысты енгізілген халықаралық санкцияларды айналып өтуге мүмкіндік береді.

- Солтүстік Корея іс жүзінде санкцияларды айналып өту мүмкіндігіне ие болып отыр, ал Мәскеу қосымша жұмыс күші мен әскери қолдау алады, – делінген барлау қызметінің есебінде.

Оңтүстік Корея деректеріне қарағанда, Пхеньянның белсенділігі оның Мәскеумен қарым-қатынасын нығайтумен тікелей байланысты. Жуырда КХДР-дың сыртқы істер министрі Чхве Сон Хи Ресейге барып, президент Владимир Путинмен кездескен. Келіссөз қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты кеңейтуге уағдаласқан.

ВАШИНГТОН

Барлау деректеріне сәйкес, Пхеньян АҚШ-пен байланыстарды қайта бастау мүмкіндігін де қарастырып отыр, бірақ «тек қолайлы жағдайда ғана».

- Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын Вашингтономен келіссөз жүргізу мүмкіндігін жоққа шығармайды, алайда әзірге Ресей мен Қытаймен әскери одақты нығайту арқылы өз ұстанымын күшейтіп жатыр, – деді депутат Ли Сон Гюн.