Қымбатшылықтың кесірінен халық ет пен жеміс-жидектен бас тарта бастады

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстандықтардың басым бөлігі ет өнімдерін бұрынғыдай жиі сатып алмайтынын мойындады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ҚЫМБАТШЫЛЫҚ

Соңғы алты айда азық-түлік бағасының өсуіне азаматтардың 74,7%-ы алаңдаушылық білдірген. Бұл туралы DEMOSCOPE қоғамдық пікірді жедел мониторингтеу бюросы хабарлады. Ресми мәліметке сәйкес, бір жыл ішінде азық-түлік бағасы 11,7%-ға қымбаттаған, ал қазақстандық отбасылар шығынының 50,6%-ы азық-түлікке жұмсалады.

ҮНЕМДЕУ

Сауалнама нәтижесі бойынша, 62% азамат етті қымбат болғандықтан сирек сатып алады. Бұдан бөлек, қазақстандықтар үнемдеуді басқа өнімдерде де байқата бастаған:

  • көкөніс пен жеміс-жидекте – 24,5%,

  • балықта – 20,5%,

  • сүт өнімдерінде – 16,9%,

  • нан мен ұн тағамдарында – 12,1%,

  • шұжық өнімдерінде – 11,2%,

  • тәттілер мен сусындарда – 10,9%.

АЗЫҚ-ТҮЛІК

Баға өсіміне қарамастан, 45,1% респондент елдегі азық-түлік қауіпсіздігін оң бағалаған. Сондай-ақ 64,3% азамат алдағы бес жылда Қазақстан өз өнімдерімен толық қамтамасыз ете алады деп сенеді.

САУАЛНАМА

Зерттеу 2025 жылдың 11–22 қыркүйегі аралығында Қазақстанның 17 өңірі мен республикалық маңызы бар қалаларында (Астана, Алматы, Шымкент) жүргізілді. Сауалнама ұялы байланыс арқылы телефон интервью әдісімен, барлығы 1100 адам арасында өткізілген.