Павлодар облысында жолаушылар автобусы аударылды. Бір адам қаза тауып, алты адам жарақат алды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ
Апат 7 қараша күні кешкі уақытта Шідерті – Астана автожолында болды. Павлодар облыстық жедел медициналық көмек станциясының мәліметінше, автобустың ішінде шамамен 50 жолаушы болған.
– Жедел жәрдемге автобустың аударылғаны туралы хабарлама келіп түсті. Жараланғандар бар. Оқиға орнына бес жедел жәрдем бригадасы және Төтенше жағдайлар медицина орталығының бригадасы жіберілді, – делінген ведомство хабарламасында.
Апат салдарынан бір жолаушы қаза тауып, алты адам түрлі жарақат алды. Жараланғандар ауруханаларға жеткізілуде, олардың бір бөлігі Екібастұз қаласының медициналық мекемелерінде ем қабылдап жатыр. Адамдардың жағдайы анықталып жатыр.
АПАТТЫҢ СЕБЕПТЕРІ
Бастапқы деректер бойынша, апат боран мен жолдың дұрыс көрінбеуі салдарынан болған. 7 қарашадан бастап өңірде осындай ауа райы байқалған.
Павлодар облысы полиция департаменті бұл ақпаратты растады. Апат фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған, тергеушілер оқиға себептері мен мән-жайын анықтап жатыр.