Астанада ғимарат опырылғанда екі фельдшер зардап шекті: біреуінің жағдайы өте ауыр

Сырым Қаржас
Getty Images

Астанада тұрғын үй кешенінің қасбеті құлаған кезде зардап шеккендердің қазіргі белгілі болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Астана әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

 

ЗАРДАП ШЕККЕНДЕРДІҢ ЖАҒДАЙЫ

Тұрғын үй кешенінің қасбетіндегі кірпіш қаптамасы мен кондиционер қондырғысының бөлігі құлап, салдарынан бес адам зардап шекті. Зардап шеккендердің бәрі 8 қараша күні №1 көпсалалы ауруханаға жеткізілді.

– 9 қарашадағы жағдай бойынша екі науқас жансақтау бөлімінде жатыр. Үш науқас бейінді бөлімшелерде ем қабылдап жатыр. Зардап шеккендердің екеуі еңбек міндеттерін орындау барысында жарақат алған фельдшерлер екенін хабарлаймыз. Жансақтау бөлімінде жатқан фельдшердің жағдайы өте ауыр. Екінші фельдшердің жағдайы – орташа, ол нейрохирургия бөлімшесінде ем алып жатыр, – делінген хабарламада.

Барлық науқас дәрігерлердің бақылауында, оларға қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр.

– Әлеуметтік желіде тараған «фельдшерлердің алған жарақаты өндірістік жарақат ретінде танылмады» деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Аталған оқиға өндірістік жарақат ретінде тіркелген. Сонымен қатар жарақат алу фактісі бойынша қалалық полиция департаменті сотқа дейін тергеу жүргізіп жатыр. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 188-бабына сәйкес мемлекеттік еңбек инспекторы тергеу жұмысын орындауда, – деп хабарлады әкімдік.

ОҚИҒА ТУРАЛЫ

Бүгін, 2025 жылғы 8 қарашада, Астанадағы Тәуелсіздік даңғылы бойында тұрғын үй кешенінің қасбетінің бір бөлігі – сыртқы кірпіш қаптамасы мен кондиционер орнатылған бөлік құлап, бес адам жарақат алды.