АҚШ сенаторлары 40 күнге созылған шатдаунды аяқтауға және федералды қызметкерлерге еңбекақыларын қайта төлеуге көмектесетін келісімге келді. Бұл туралы демократ-сенатор Тим Кейн 9-қарашада өзінің сайтында жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.
Мән-жай
Құжатқа және америкалық БАҚ мәліметтеріне қарағанда, келісімнің негізінде медициналық сақтандыру жарналарына байланысты салықтық жеңілдіктерді ұзарту мәселесіне қатысты уағдаластық жатыр. Сонымен қатар, келісім бойынша шатдаун кезінде жұмыстан босатылған федералды қызметкерлер қайта жұмысқа қабылданып, еңбекақылары бойынша қарыз өтеледі.
Республикалық партия Сенаттағы көпшілік орынға ие. 100 орынның 53-і осы партияға тиесілі. Қалған орындар олардың қарсыластары Демократиялық партияның еншісінде. Заң жобасын қабылдау үшін кемінде 60 дауыс қажет. Сенат құжатты қабылдаған соң, оны Өкілдер палатасы мақұлдауы тиіс.
АҚШ-тағы рекордтық ұзақ шатдаун
АҚШ-тағы бұл жолғы шатдаун ел тарихындағы ең ұзақ үкімет жұмысының тоқтауы. Осыған дейін АҚШ Конгресінің Сенаты мен Өкілдер палатасы жаңа қаржы жылына арналған бюджет туралы ортақ шешімге келе алмаған. Салдарынан шамамен 750 мың федералды қызметкер жалақысыз мәжбүрлі демалысқа жіберілді. Тек өмірлік маңызы бар құрылымдар — әуе диспетчерлік қызмет, полиция, шекара қызметі және жедел медициналық көмек сияқты салалар ғана жұмысын жалғастырып жатыр.