Әскерде жараланған сарбаз Ербаян Мұхтар Түркияда емделіп, Астанаға аман-есен оралды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Бұл туралы Ербаянның қорғаушысы Инга Иманбай хабарлады. Оның сөзінше, Ербаян Мұхтар Түркияда емнің келесі кезеңін аяқтап, Астанаға аман-есен оралды.
- Қазіргі жағдайы тұрақты. Дәрігерлер ем толық әсер етуі үшін кемінде 3 ай уақыт қажет екенін айтты. Сол себепті үш айдан кейін Ербаян қайтадан Стамбулға барып, емнің реабилитациялық бөлігін жалғастырады. Ербаянның ата-анасы және заңды өкілі ретінде барлық қолдау білдірген жандарға алғыс айтамыз, – дейді Инга Иманбай.
Оның сөзінше, Ербаянның жарақаттары ауыр болғандықтан өзгеріс қатты байқалмайды.
- Екі рет шетелде ем алу — үлкен еңбек пен жанашырлықтың нәтижесі. Алайда жарақатының ауырлығына байланысты өзгеріс бірден байқалмай отыр. Бұл – дәрігерлер күтетін де, біз түсінетін де процесс. Соған қарамастан, Ербаян өзіне лайықты өмір сүру үшін күресіп жатыр. Оған осы жолда сіздердің қолдауларыңыз күш беріп келеді, – дейді қорғаушы.
ЕРБАЯННЫҢ ОҚИҒАСЫ
Ербаян Мұхтар Ұлттық ұланда мерзімді әскери қызметте жүріп жараланған. Алматыдағы Ұлттық ұланның 5571 бөлімінде былтыр құлап, комаға түскен, биыл сәуірде оянған сарбазды туған-туыстары Астанаға жеткізе алмаған еді. Ulysmedia.kz редакциясына хабарласқан олар президенттен көмек сұрап, үндеу жариялаған. Әскери бөлім «сарбаз дәретханада өзі құлап, басын кафельге соғып алды» деген. Ербаян Мұхтардың әкесі де, шешесі де бұл нұсқаға сенбейді.
Бұған дейін әскерде жараланған Ербаян Мұхтарды қараған дәрігерлер тергеуге алынғанын жазған едік.