Интернет шектеуі — қауіпсіздік пе, бақылау ма

Ілияс Бақыт
Ашық дереккөзден

Ресейде мобильді интернетке шектеу күшейді: Ульяновск облысында байланыс соғыс біткенше өшіріледі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Ульяновск қаласы мен осы өңірдегі бірнеше елді мекенде мобильді интернетке шектеу соғыс аяқталғанша сақталады. Бұл туралы 2025 жылғы 8 қарашада өткен арнайы баспасөз конференциясында жергілікті билік өкілдері мәлімдеді.

Шектеу украиналық дрондардың шабуыл қаупіне байланысты енгізілген.

«Ол аймақтарға тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар мен кеңсе ғимараттары да кірді. Мемлекеттік құпияға байланысты нақты карталар жарияланбайды», — деп жазды журналистер.

Егер федералдық орталықтан басқа шешім шықпаса, шектеу Украинадағы соғыс біткенше жалғасады.

Шектеу енгізілген аудандарда тек «ақ тізімдегі» сайттар ғана жұмыс істейді. Олардың қатарында:

  • «Мемлекеттік төлемдер»
  • «Яндекс» сервистері
  • «ВКонтакте», «Одноклассники» әлеуметтік желілері
  • Ozon және Wildberries маркетплейстері
  • «Мир» төлем жүйесі және басқалар.

Жергілікті билік тұрғындарға интернет-трафик көлемі аз тарифтерге ауысуға кеңес берді. Шектеулер географиялық тұрғыда таңдамалы түрде енгізіледі және стратегиялық маңызы бар нысандардың айналасында ғана қолданылады.

Сонымен қатар, 10 қарашада «Ведомости» және «Интерфакс» агенттіктері хабарлағандай, Ресейде байланыс операторлары ФСБ сұранысы бойынша байланыс қызметін тоқтатуға міндеттеледі. Бұл азаматтар мен мемлекетті қауіпсіздік қатерінен қорғау үшін қажет деп түсіндірілген.

Жаңа заң жобасы РФ «Байланыс туралы» федералдық заңының 44 және 46-баптарына өзгерістер енгізуді көздейді. Оны РФ Цифрлық даму министрлігі әзірлеп, Мемлекеттік Думаға ұсынуға Үкіметтік комиссия мақұлдаған. Заң жобасы операторларды ФСБ сұранысы бойынша қызмет көрсетуден бас тартқан жағдайда жауапкершіліктен босатуды да қарастырады.