Бірдің зияны мыңға тиіп жүрмесін немесе жемқор Мақсат Дүйсеновтің өтірігі немістерге өтпей қалған

Самал Ибраева
Ulysmedia.kz коллажы

Германияның құқық қорғау органдары бұрынғы көлік прокуроры Мақсат Дүйсеновті жақын арада Қазақстанға экстрадициялауы мүмкін. Немістер саяси баспана сұраған Дүйсеновке бастапқыда сенген сияқты. Алайда тыңғылықты тексере келе оның саяси себеппен қуғынға ұшырағанына күмандана бастаған. Себебі бұрынғы прокурор өзінің кінәсіздігін дәлелдейтін еш айғақ келтіре алмапты. ЕО елдері өзін «саяси босқын» деп таныстыратын адамдарға алдағы уақытта жеті рет өлшеп, бір рет кескендей сақтықпен қарайтын шығар. Қанша дегенмен бір рет сетінеген сенім орнына келмейді ғой. Ulysmedia.kz бұл істің мән-жайын баяндайды.

Неміс түрмесінен қазақстандық түрмеге

Мақсат Дүйсенов – Қазақстанда аты белгілі тұлғалардың бірі. Оның мансабы Қайрат Қожамжаровтың қызмет жолымен тығыз байланысты. Алайда Дүйсеновке қарсы  қылмыстық іс Қазақстанда Қожамжаров ісінен бір ай бұрын қозғалған. Қазақстанда оған қатысты қамауға алу туралы сырттай ордер берілді. Осыдан кейін ол шетелде жүрген жерінен ұсталып, жергілікті биліктің шешімімен Германияда қамауға алынды.

Қазақстан Бас прокурорының орынбасары Ғалымжан Қойгелдиевтің сөзінше, еліміз Дүйсеновті экстрадициялау процесін бастаған, бірақ неміс билігі оның «саяси босқын» туралы өтінішін зерттеу үшін уақыт қажет екенін айтқан. Дүйсеновтің өзі қылмыстық қудалау оның қызметтік жұмысымен байланысты саяси себептерге негізделген деп мәлімдеуде.

Қазіргі уақытта мән-жай толық анықталған. Экстрадиция және миграция бойынша материалдарды зерттегенде Германияның үш негізгі органы –  Нюрнберг-Фюрт Жоғарғы жер соты, Нюрнберг прокуратурасы және Федералдық көші-қон және босқындар ведомствосы (BAMF) мынадай ортақ қорытындыға келген: «экстрадициядан бас тартуға негіз жоқ, барлық формалды талаптар орындалған, «қос қылмыстылық» принципі расталған».

Сот сонымен бірге Дүйсеновті қашып кету қаупі жоғары деп бағалап, оны түпкілікті шешім шыққанша қамауда қалдырды.

BAMF – саяси баспана беру мәселесін қарайтын орган. Оның өзі Дүйсеновтің «саяси босқын» екеніне сенбеген сыңайлы.

Біріншіден, бұрынғы көлік прокуроры ешқашан оппозициялық, қоғамдық немесе саяси қызметпен айналыспаған. Екіншіден, қамауға алынғанға дейін оның өмір салты саяси қуғын көріп жүрген адамның тұрмысынан мүлдем алшақ болған. Яғни, Дүйсенов жылдар бойы ресми түрде жұмыс істемеген, табыс көзі болмаған, бірақ баспана сұрар алдында әйелімен бірге ондаған қымбат шетел сапарына барған. Таиланд, Түркия, Бразилия (Рио, Игуасу), Аргентина (Буэнос-Айрес, Перито-Морено), Перу, қайтадан Бразилия, Ресей, Грузия, Өзбекстан, Дубай, Катар, Германияны еркін аралаған.

Антикоррупциялық сарапшы, Transparency International Germany мүшесі Әсел Темірованың айтуынша:

«BAMF мұндай жағдайларды шынайылықтың жоқтығының классикалық белгісі деп қарайды. Саяси қуғыннан қашып жүрген адам бүкіл әлемді аралап, ондаған паспорттық бақылаудан өтпейді. 7-10 елге саяхаттау – қуғында жүрген» адамның емес, өзін қауіпсіз сезінетін, қаражаты бар адамның әрекеті».

Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді

Сарапшының пікірінше, бұл жағдай бір мәселені анық көрсетеді: ірі көлемдегі сыбайлас жемқорлыққа қатысты тұлғалар саяси ахуалдың өзгеруін немесе халықаралық құқықтағы олқылықтарды пайдаланып, жауапкершіліктен қашу үшін «саяси босқын» мәртебесін алуға тырысады.

Әсел Темірованың пікірінше, жемқор шенеунікке халықаралық қорғау берілмеуі тиіс, әсіресе ол өзі қатысқан жүйенің ішінде билікті асыра пайдаланып, заңсыз байыған болса, оны аяудың қажеті жоқ.

Дүйсеновке қатысты қудалау оның саяси көзқарасына, сеніміне немесе қоғамдық қызметіне қатысы жоқ. Айыптаулар нақты фактілерге негізделген және табиғаты жағынан таза қылмыстық іс. Әңгіме ондаған миллион долларды жымқырған жемқорлық туралы болып отыр.

Соңғы жылдары Қазақстаннан бірнеше жоғары лауазымды тұлға шетелге қашып, өзін «оппозиционер» немесе «құқық қорғаушы» ретінде көрсетуге тырысып жүр.

Әсел Темірова былай дейді:

«Егер жемқорлар саяси пана институтын қара басына пайдаланса, бұл тек олардың шыққан еліне емес, демократиялық құндылықтарды қорғаймыз деп жүрген Еуропаның өз имиджіне де орасан зиян. Мұндай тәжірибе босқындарды қорғау жүйесін жауапкершіліктен қашу құралына айналдырады».

Осындай жағдайлардың көбеюіне байланысты TI Germany өкілдері бұл мәселені Бундестаг талқылауына шығаруды жоспарлап отыр.

Қорғас ісі

Әсел Темірованың талдауы бойынша, Қазақстанның Дүйсеновке таққан негізгі айыптары «Қорғас» ісіндегі жүйелі жемқорлыққа қатысты.

Эпизод 1 (2009 ж. қыркүйек – 2011 ж. сәуір): контрабанда үшін жүйелі пара. Аптасына $250-300 мың. Жалпы – $22 млн астам.
Эпизод 2 (2011 ж. наурыз): кәсіпкерден $200 000 бопсалау.
Эпизод 3 (2011 ж. көктем): «Караванфюрер» операциясы – пара алу және куәгерді өлтіру. ҰҚК $202 400 беру фактісін құжатпен бекіткен.
Эпизод 4 (2015 ж. сәуір): BMW X6 түріндегі пара.

Қаражатты заңдастыру

Пара алғаннан бөлек, Дүйсеновке қылмыстық жолмен алынған қаржыны заңдастырды деген айып тағылған.

Ол туған ағасының есепшоттары арқылы 5,5 млрд теңгеден астам қаражатты қолма-қолға шығарған.

Отбасы Астана мен Алматыда қымбат жылжымайтын мүлік те сатып алған. Пәтерлер, Медеу ауданындағы особняк, жер телімдері. Кейбірін туыстар мен делдалдар арқылы қайта рәсімдеген.

Германия билігі Дүйсеновті экстрадицияламауға себеп таппағандықтан, Қазақстанның Бас прокуратурасы заңдылықты сақтай отырып, бұл істі таза құқықтық негізде аяқтауға мүмкіндік алып отыр.

Қазір Дүйсеновке «қайда қашса да Қорқыттың көрі». Өйткені оны тек заң алдында жауап беру ғана емес, жемқорлықтан әбден шаршаған қоғамның әділдікті талап еткен жанайқайы да күтіп тұр.