Зеленскийдің Парижге тоғызыншы сапары: не талқыланады

Ілияс Бақыт
Ашық дереккөзден

Владимир Зеленский пен Эммануэль Макрон дүйсенбі күні Парижде Украинаға қауіпсіздік кепілдіктерін және энергетика, экономика мен қорғаныс салаларындағы ынтымақтастықты талқылайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Франция мен Украина президенттері Эммануэль Макрон мен Владимир Зеленский 17 қараша, дүйсенбі күні Парижде кездеседі. Бұл туралы 14 қараша, жұма күні Франция президентінің кеңсесі хабарлады. Кездесуде Украинадағы атысты тоқтату жағдайында Киевке берілетін қауіпсіздік кепілдіктері талқыланады.

Елисей сарайының баспасөз қызметі хабарлағандай, Макрон Францияның Украинаға деген қолдауын растауды және энергетика, экономика мен қорғаныс салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты талқылауды жоспарлап отыр. Бұл – Ресейдің Украинаға басып кіруінен бері Зеленскийдің Парижге тоғызыншы сапары болмақ.

Бұған дейін Зеленский 16 қарашада Грекияға барып, ел президенті Константинос Тасулас, премьер-министр Кириакос Мицотакис және парламент спикері Никитас Какламаниспен кездесетіні хабарланған.

ЗЕЛЕНСКИЙДІҢ БҰҒАН ДЕЙІНГІ САПАРЫ

Биыл қыркүйекте өткен алдыңғы сапарларының бірінде Зеленский Парижде Украинаға қолдау білдірген «қалағандар коалициясына» кіретін шамамен 30 батыс одақтас елдің басшыларымен кездескен. Кездесу барысында Ресеймен ықтимал бейбіт келісімнен кейін Киевке берілетін қауіпсіздік кепілдіктері талқыланған.

Сол кездесудің нәтижесінде Украинаға алыс қашықтықтағы зымырандар жеткізу жоспары жарияланып, атысты тоқтатқаннан кейін Украинада орналастырылатын қолдау күштерін құру туралы ресми келісім жасалған.