Ақын Күләш Ахметова дүниеден озды

Ілияс Бақыт
Әлеуметтік желіден

Ақын Күләш Ахметова 80 жасқа қараған шағында өмірден озды, деп хабарлайды, Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Қазақ поэзиясы қара жамылды. 80 жасқа қараған шағында көрнекті ақын Күләш Ахметова дүниеден озды. 

Күләш Ахметова — қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, лирик ақын, публицист, аудармашы, қоғам қайраткері. Ол 1946 жылы 25 сәуірде Қырғызстанның Талас ауданы, Киров ауылында дүниеге келген. 1961 жылы Жамбыл медициналық училищесін мейірбике мамандығы бойынша бітіріп, Үшарал медпунктінде меңгеруші болып жұмыс істеген. Кейін журналистикаға бет бұрып, 1973 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған.

Күләш Ахметова еңбек жолын аудандық «Ленин жолы» газетінде бастаған. «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, «Жалын» баспасының поэзия бөлімінде редактор болып қызмет атқарған. Оның шығармашылығы нәзік лиризммен, терең патриоттық сезіммен, философиялық ой-толғамдармен ерекшеленеді. Ақынның өлеңдерінде әйел болмысы, ұлттық рух, адамгершілік пен ізгілік тақырыптары кеңінен көрініс табады.

1978 жылы «Сен менің бақытымсың» атты жыр жинағы үшін Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанды. 2006 жылы «Құт» кітабы үшін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілді. Сонымен қатар, К.Симонов атындағы халықаралық сыйлықтың иегері атанған («Болашақ» поэмасы үшін). Ол «Құрмет» (2006) және «Парасат» (2017) ордендерімен марапатталған. Жамбыл облысының құрметті азаматы, ҚР Президентінің алғыс хаттарымен және мерекелік медальдарымен марапатталған.

Күләш Ахметова — қазақ поэзиясының алтын қорына енген тұлға. Оның шығармалары орыс, украин және түркі халықтарының тілдеріне аударылған, мектеп оқулықтарына енген. Ол тек ақын ғана емес, аудармашы және публицист ретінде де елге танымал. Оның қаламынан туған туындылар ұлттық әдебиеттің дамуына зор үлес қосып, бірнеше буын оқырманның рухани азығына айналды.

Ақынның жаназасы ертең сағат 10:00-де Тараз қаласы, Фазлаев көшесі, 53 үйде өтеді.