Айдын Рахымбаев 20 жыл жұмыс істеген қызметкерлерін АҚШ-қа тегін сапарға жіберді

Сырым Қаржас
Фото: instagram

Кәсіпкер Айдын Рахымбаев компанияда 20 жыл еңбек еткен қызметкерлерді АҚШ-қа тегін саяхатқа жіберу дәстүрі бар екенін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Рахымбаевтың айтуынша, компания қызметкерлерінің барлық шығыны толық өтеледі. Жуырда кезекті топ Америкаға аттанған. Олардың көпшілігі алғаш рет АҚШ-қа барып отыр. Солардың қатарында Қаламқас пен Мықтыбай есімді қызметкерлер бар.

Қаламқас компанияда диспетчер болып бастаған, кейін желі мастері болған, қазір — қойма және көлік есебі бойынша маман. Мықтыбай бетоншы қызметінен көтеріліп, құрылыс жұмыстарындағы тікелей басшы, кейін учаске бастығы деңгейіне жеткен.

Қызметкерлер арнайы тур бағдарламасы аясында Нью-Йорктегі Бостандық мүсінін, Таймс-скверді тамашалап, Майами көшелерін аралаған. Айдын Рахымбаевтың айтуынша, компания дәл осы Майами мен Техаста құрылыс нысандарын салып жатыр. АҚШ-тағы жас мамандар да Қазақстаннан барған тәжірибелі әріптестерін қазақы қонақжайлықпен қарсы алған.

Неге компания мұндай сапарларды ұйымдастырады?

Кәсіпкердің айтуынша, мұның басты себебі — ұзақ жыл жұмыс істеп, компания дамуына үлес қосқан қызметкерлерге ризашылық білдіру.

– Бұл адамдар 20 жыл бойы компанияның өсуіне еңбек етті. Біз алғыс ретінде оларға ұмытылмас әсер сыйлап, өмір бойы есте қалатын сапар ұйымдастырамыз, – деді Рахымбаев.

Демалысқа қарапайым жұмысшылар да, инженерлер де, топ-менеджерлер де бірге барады. Көбісі Нью-Йорк пен Майамиді бірінші рет көрген.