Ердоған Киев пен Мәскеуді қайтадан келіссөз үстеліне шақырды

Сырым Қаржас
Murat Cetinmuhurdar/Reuters

Ердоған Зеленскиймен кездескеннен кейін Украина мен Ресей арасындағы мәмілегерлікті Ыстамбұлда қайта жандандырып, оның аясын кеңейту қажет екенін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Түркия келіссөздерге тағы да алаң ұсынып отыр

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Анкарадағы Владимир Зеленскиймен кездесуден кейін Украина мен Ресей арасындағы келіссөздерді қайта бастауға үндеді. «Анадолу» агенттігінің хабарлауынша, Түркия басшысы диалог алаңы ретінде Ыстамбұлды қайта қолдануды және талқыланатын мәселелер шеңберін кеңейтуді ұсынды. Ердоған бұған дейін Түркия Киев пен Мәскеу арасында үш рет бейбіт келіссөз ұйымдастырғанын еске салды. Оның сөзінше, сол кездесулер гуманитарлық салада елеулі ілгерілеуге жол ашқан.

«Ыстамбұл үдерісі» жалғасуы тиіс

Түркия президенті алдыңғы келіссөздер барысында тараптар тікелей бітім, бейбітшілік және өзге де әскери мәселелер жөнінде сөйлесе алғанын атап өтті.

- Сонымен қатар, тараптар бітімге келу, бейбітшілік орнату және басқа да әскери мәселелерді ашық талқылай алды. Біз бұл қадамдардың бәрін маңызды нәтижелер деп бағалаймыз, – деді ол.

Ердоған сондай-ақ Зеленскиймен әңгіме барысында «Ыстамбұл үдерісін» кеңейтілген форматта жалғастыруды қолдайтынын жеткізді.

- Біз ‘Ыстамбұл үдерісінің’ мазмұны кеңейтіліп, қазір шиеленіске айналған мәселелерді шешуге бағытталған түрде қайта басталғаны орынды деп санаймыз, – деді Түркия басшысы.

Украинаның ұстанымы және тұтқындар алмасуына қатысты үміт

Зеленский өз кезегінде Киев Түркияның ұстанымын және өңірлік қауіпсіздіктегі рөлін жоғары бағалайтынын айтты. Ол Анкараға Украина егемендігін тұрақты қолдап келе жатқаны үшін алғыс білдірді.

- Соғыс аяқталуы керек, бейбіт жолдан басқа амал жоқ. Ресей соғыс пен адам өлтіру үшін ешқандай жеңілдікке ие болмауы тиіс. Сондай-ақ Ресейдің Украинаға немесе өңірдегі кез келген басқа елге қарсы осындай соғысты қайта бастауына жол қалмауы қажет. Бұл бағыттағы Түркия ұстанымын біз толық қолдаймыз, – деді Украина президенті.

Зеленский сонымен бірге украин тарапы тұтқындар алмасуын осы жылдың соңына дейін қайта жандандыруды көздеп отырғанын, ал бұл бағытта Түркия елеулі қолдау көрсетіп жатқанын атап өтті.