Польша билігі ел аумағында жұмыс істеп отырған Ресейдің соңғы консулдығына берілген келісімін қайтарып алуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.
Мән-жай
Польша сыртқы істер министрі Радослав Сикорский ресми нота Ресей тарапына жолданатынын айтты. Министр Гданьскідегі консулдықты жабу шешімін Варшава теміржол желісін қасақана бүлдіру ісіне жауап деп түсіндірді.
Люблин теміржол желісіндегі оқиғаны тергеу диверсия деп бағалаған. Бұған дейін билік теміржолға зақым келтірді деген күдікке ілінген Украина азаматтары Ресей арнайы қызметтерінің тапсырмасын орындаған болуы мүмкін екенін мәлімдеген. Мәскеу айыптауларды жоққа шығарады.
Егер Ресейдің Гданьскідегі консулдық жабылса, Польша аумағында Кремльдің бір ғана дипломатиялық өкілдігі – Варшавадағы елшілік қалады. Ресей Украинаға басып кіргелі Польшада Ресейдің бірнеше консулдығы жабылған.
Ресей Сыртқы істер министрлігінің өкілі Мария Захарова «Коммерсант» басылымына Ресейде де Польша дипломатиялық мекемелерінің саны қысқартылатынын мәлімдеді. Қазір Ресей аумағында Мәскеудегі Польша елшілігімен бірге Иркутскіде консулдық жұмыс істейді.
Контекст
Польша премьер-министрі Дональд Туск 16 қарашада Варшава–Люблин бағыты мен Украина шекарасына апарар теміржолда болған жарылысты «бұрын-соңды болмаған саботаж» деп атады. Оның айтуынша, жол қасақана бүлінген болуы мүмкін және оның салдарынан адам өліміне әкелетін апат орын алуы ықтимал еді. Туск бұл оқиғаны Ресей Украинаға басып кіргелі бері Польшаға төнген ең елеулі қауіп деп атады.
Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бұл пікірлерге жауап беріп, Батыс «барлық гибридті және тура қақтығыстар үшін Ресейді айыптауға бейім» екенін айтты. Оның сөзін «Интерфакс» агенттігі жариялады.