Бүгін Павлодар облысының Екібастұз қаласында «EkibastuzFerroAlloys» зауытының салтанатты түрде іске қосылуы өтті. Жобаның инвестициялық құны 92 млрд теңгені құрады. Кәсіпорын жылына 240 мың тонна жоғары сапалы FeSi75 ферросилицийін өндіруге жобаланған. Бұл көрсеткіш Қазақстанға осы өнімнің әлемдік өндірушілері арасындағы ТОП-2 қатарына енуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мемлекет басшысы өңірлерді нығайту мен өнеркәсіпті дамытудың маңыздылығын атап өтіп: «Мемлекет мықты болуы үшін, ең алдымен, өңірлеріміз мықты болуы тиіс. Қазақстанды дамыған өнеркәсібі бар елге айналдыруды маңызды деп санаймыз», — деген еді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы сөздері ферросилиций өндіретін әлемдегі ең ірі әрі ең технологиялық жобалардың бірі — «EkibastuzFerroAlloys» зауытының іске асуында айқын көрініс тапты.
Жоба 2022–2025 жылдар аралығында жүзеге асырылып, Екібастұз қаласының даму жоспарының негізгі элементтерінің біріне айналды.
Зауыт акционері Ерлан Нығматулиннің айтуынша, құрылыс кезеңінде 1,5 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған, ал зауыттың іске қосылуымен шамамен 800 тұрақты жұмыс орны ашылды.
«Кәсіпорын толықтай экспортқа бағытталған. Ондағы өнім әлемнің 52 еліне жеткізіледі. Отандық өнім үлесі 96%-ды құрайды», - деді акционер.
Зауыт әрқайсысының қуаты 94,5 МВА болатын төрт инновациялық рудотермиялық электр пешімен жабдықталған, бұл оны әлемдік металлургиядағы бірегей нысанға айналдырады.
Өз кезегінде акционер Давид Кемертелидзе кәсіпорында ең озық экологиялық технологиялардың енгізілгенін атап өтті: «Газды тазарту деңгейі 99,8%-ға жетеді, ал оларда бөлінетін шаң да қайта өңделіп, микрокремнеземге айналдырылады. Ол да экспортқа жөнелтіледі».
Жобаның іске асуы Қазақстанның ірі өнеркәсіп орталығы саналатын Екібастұздың дамуына қуатты серпін береді. Зауыт өңірдің индустриялық дамуының басты жобаларының бірі болып, тұрақты жұмыспен қамтуды, инженерлік кадрлардың сақталуы мен дамуын, инновациялық технологиялардың енгізілуін және жергілікті мамандардың біліктілігін арттыруды қамтамасыз етеді.