Қазақстанда рұқсатсыз фото мен видеоға түсіруге тыйым салынуы мүмкін

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

Енді Қазақстанда азаматтарды өз келісімінсіз фотоға немесе видеоға түсіруге тыйым салынады. Қоғамдық орындарда бейсауат камера көтеріп, бейхабар адамды түсіріп алу немесе «жүрегін суырып алатындай» қорқытып пранк жасау секілді трендтер тоқтамақ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Информбюро31 мәліметінше, көшеде, сауда орталығында немесе саябақта кез келген адамның келбетін еркін түсіру мүмкін болмайды — кадрға түскен әрбір адамнан алдын ала рұқсат сұрау міндеттеледі. Ал рұқсат бермесе, түсірілген материалды жариялауға жол жоқ. 

Соңғы жылдары қазақстандықтар жеке өмірге қол сұғу деректеріне жиі шағымданып жүр. Осыған байланысты Мәдениет және ақпарат министрлігі пранктер мен рұқсатсыз түсіруді шектеуді қолға алды. Дегенмен кейбіреулер бұл норманың мақсаты — мемлекеттік қызметкерлерді камерадан «қорғау» деп сын айтуды да ұмытпады.

- Біздің мақсатымыз - адамдарды рұқсатсыз, кез келген жерде бейнежазбаға түсіруді шектеу. Мемлекеттік қызметкерлерді видеоға түсіру қалыпты жағдайға айналды, оған бәріміз үйрендік. Бірақ мәселе тек шенеуніктерде емес, жалпы түсірілім тәртібін ретке келтіруде. Қазір пранктер мен рұқсатсыз жасалатын жеке түсірілімдер көбейді. Сондықтан жаңа норманы жан-жақты талқылап, енгізу қажет деп санаймыз, дейді мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева. 

Жаңартылған талап күшіне енген жағдайда кадрға түскен әр адамнан түсіруге келісім алу міндеттеледі. Оның рұқсатынсыз фото не видео түсіру, сондай-ақ оны жариялау заңмен шектелмек. Айта кетерлігі, Қазақстанда қоғамдық орындарда түсіруге жалпы рұқсат бар, алайда адамдардың бейнесін пайдалану бөлек реттеледі: азаматты келісімінсіз түсіре беруіңіз мүмкін, бірақ ол материалды рұқсатсыз таратуға болмайды.