Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында бүгін «Дент Парк» клиникасының анестезиологына қатысты қылмыстық істі қарау басталып, кейінге қалдырылды. Процестің кейінге шегерілуіне айыпталушының адвокатының келмеуі себеп болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Іс материалдарына сәйкес, анестезиолог-дәрігер Аида Жұмағалиева 2024 жылдың 30 қазанында «қызметтік міндеттерін бұзып, қарсы көрсетілімдерді ескермей, кәмелетке толмаған науқасты жалпы седациямен ұзақ уақыт емдеуге жіберген, бұл оның өліміне әкелген». Қайтыс болған қыз 3,5 жаста еді.
Қайғылы оқиғаның мән-жайы
Қыздың әкесі Талғат Құмаровтың айтуынша, қызы Зере Есентай 3,5 жаста болған. Анасы оны Мүхаммедханова көшесі, 19 мекенжайында орналасқан Dent Park Ortho стоматологиясына тісін севоран анестезиясымен емдету үшін апарған.
Алғашында дәрігерлер 9–11 тісті емдеуді жоспарлаған. Алайда седация жүріп жатқан кезде ата-ананы операциялық бөлмеге шақырып, тағы бірнеше тісті емдеу қажеттігін айтқан. Соңында дәрігер 20 тістің 18-ін бір сеанста емдеу туралы шешім қабылдаған. Бұл операцияның ұзақтығын 3,5 сағаттан арттырған. Процедура бағасы — 500 мың теңге.
- Осыдан кейін қызым Зере наркоздан оянған жоқ, — деді әкесі.
Қорғау тарапының нұсқасы
Қайтыс болған баланың отбасын қорғаушы адвокат Руслан Айтжанов айыптау тарапының ұстанымын жеткізді. Ресми нұсқа бойынша, өлімге ми ісінуі себеп болған, ол оттегі жетіспеуінен туындаған.
- Ең негізгі себебі — наркоз кезінде ағзаға кіріп-шығатын газдардың деңгейін өлшейтін құрылғының болмауы. Ол аппарат дұрыс істемеген. Соның салдарынан оттегі жетіспей, кейін осы жағдайға әкелді, — деп түсіндірді адвокат.
Клиникадағы заңбұзушылықтар
Қорғаушылардың айтуынша, тергеу барысында клиника тарапынан көптеген талап бұзушылық анықталған:
Айыптау тарапының ұстанымы
Қорғау тарапының пікірінше, жауапкершілік тек анестезиологқа ғана емес, 18 тісті бір сеанста емдеуді шешкен стоматологқа да жүктелуі тиіс. Бірақ стоматологқа іс қозғалмаған, ол жұмысын жалғастыруда. Клиника да жұмыс істеп тұр, тек севоран қолданбайды.
- Сарапшының қорытындысын да, департаменттің фармбақылау қорытындысын да тергеу органдары ескермей отыр. Сарапшылар стоматологтың кінәсін көрсетіп тұрғанда, неге оған іс қозғалмағанын түсіндірмейді, — деді адвокат Айтжанов.
Адвокаттың айтуынша, сот қорғаушылардың барлық сарапшыны жауапқа шақыру туралы өтінішін қанағаттандырған. Олар келесі отырыста сұралады.
- Бұл — абайсызда жасалған қылмыс. ҚР ҚК 317-бабы. Әрине, мұнда баланың қазасына қасақана әрекет болмаған, — деді адвокат.
Ата-аналарға үндеу
Қайтыс болған қыздың әкесі басқа ата-аналарға балаларды седациямен емдету мәселесінде өте сақ болуды ескертті:
- Алдағы уақытта мұндай ем жасатқысы келетін ата-аналар өте мұқият болуы керек. Ұзақ седацияға ешқашан келіспеу қажет. Емді екі, үш, тіпті төрт кезеңге бөліп жасаған дұрыс. Бірақ ешқашан бір сеанста емес, — деді Талғат Құмаров.
Айыпталушы Аида Жұмағалиева Ulysmedia.kz тілшісіне пікір беруден бас тартты. Клиника директоры да түсініктеме бере алмайтынын айтып, стоматология төрт жыл жұмыс істеп келе жатқанын, мұндай жағдай бұрын болмағанын жеткізді.