АҚШ президенті Дональд Трамп Украина басшылығын қатаң сынап, Киев «бейбіт шешімге келу бағытындағы АҚШ-тың күш-жігеріне алғыс білдірмеді» деп мәлімдеді. Бұл туралы ол Truth Social желісіндегі парақшасында жазған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Трамп егер «2020 жылғы сайлау әділ өтсе» және АҚШ пен Украина «күшті басшылық көрсетсе», Ресей мен Украина арасындағы соғыс болмас еді деп есептейтінін айтты. Оның сөзінше, оның бірінші президенттік мерзімінде «мұндай соғыс туралы тіпті әңгіме де болмаған» және «Путин ешқашан шабуыл жасамас еді».
Америкалық президент қақтығысты «барлық тарап үшін жеңіліс» деп атап, ең алдымен адамдардың қаза тапқанына назар аударды. Сондай-ақ ол Еуропаны Ресей мұнайын сатып алуды жалғастырып отыр деп, ал АҚШ-ты – НАТО-ға көп көлемде қару жеткізуге мәжбүр болғаны үшін сынға алды. Сол қару кейін Украинаға жіберіледі деді ол.
Трамптың бұл мәлімдемелері АҚШ ұсынған «бейбіт жоспарды» талқылау жүріп жатқан тұста жарияланды. Қазір келіссөздер Женевада өтіп жатыр. Украина тарапы бұған дейін Вашингтонның ұсыныстарының бір бөлігі украин мүддесіне сай келетінін және ұлттық қауіпсіздікті қорғау үшін маңызды екенін айтқан. Украина делегациясының құрамындағы Қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Рустем Умеров құжаттың қазіргі нұсқасы Киевтің негізгі талаптарының басым бөлігін ескеретінін атап өтті.
ЗЕЛЕНСКИЙ
Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ-қа және жеке Дональд Трампқа алғыс білдірген мәлімдемесін жариялады. Бұл АҚШ президенті украин билігін Вашингтонның бейбітшілікке бағытталған күш-жігерін бағаламады деп айыптағаннан бірнеше сағат кейін жасалды.
Зеленскийдің айтуынша, АҚШ-тың көмегі көптеген украин азаматының өмірін сақтап қалды. Ол Еуропа елдеріне, «Жеті тобына» және «Жиырма тобына» да қолдауы үшін алғыс айтып, бұл көмекті тоқтатпай жалғастыру қажет екенін атап өтті.
– Мұның бәрі болуы үшін, бейбітшілік әділ болуы керек. Биылдың өзінде Путин жүз мыңдаған адамын небәрі бір-екі пайыз украин жерін басып алу үшін өлімге айдады. Ал Ресейдің өзі әлемдегі ең үлкен халықаралық мойындалған аумаққа ие, – деді ол.
Украина президенті дипломатияның күрделілігіне тоқталып, «соғысты бастаған – Ресей, оны аяқтағысы келмей отырған да Ресей» екенін айтты. Оның сөзінше, Ресей командирлері қазір шабуылдарға 2014 жылы Қырым басып алынғанда бастауыш сыныпта оқыған жастарды жіберіп жатыр. Зеленский Ресейдің соғысты тек Украинаға қарсы ғана емес, жалпы жалғастыруға мүмкіндігін сақтауға тырысып отырғанын атап өтті.
– Сондықтан қазір бейбітшілік үшін осыншама күш пен көшбасшылардың еңбек етіп жатқаны біз үшін өте маңызды, – деді ол.