Елдегі 12 қала мен бірқатар ірі және орта ауылдардың бас жоспарларын түзету жоспарлануда. Бұл туралы құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Барлық 90 қалада бас жоспар құрылған. Алайда 12 қала қазіргі құрылыс көлемі мен дамушы инфрақұрылымға сай жаңартуды қажет етеді. Бұған Астана, Алматы, Шымкент, Атырау, Көкшетау, Қостанай, Орал, Павлодар, Екібастұз, Державинск, Теміртау және Макинск кіреді.
Астана мен Алматыдағы түзетулер - қалалардың қарқынды дамуына және инвестициялық жобалардың көбейгеніне байланысты. Бұрын бас жоспардағы жобаларды тексеру - адамның бақылауымен жүргізілсе, енді мемлекеттік сәулет-құрылыс кадастры жүйесі автоматты түрде сәйкестікті тексереді.
- Құрылыс көлемі ұлғайып келеді. Инвесторлардың қызығушылығын тудыратын нысандар саны да артуда. Барлық шешімдер бас жоспарға енгізілуі тиіс. 2023 жылға дейін детальді жоспарлау жобаларын тексеру кезінде адамның қатысуымен ғана қаралса, енді мемлекеттік сәулет-құрылыс кадастры жүйесіне енгізілгеннен кейін бұл сәйкестік автоматты түрде, адамның қатысуынсыз тексеріледі. Республикалық маңызы бар қалалар қазіргі кезде кейбір нысандарды бас жоспарға енгізбей жүзеге асыру мүмкін еместігін көріп отыр, сол себепті бұл жұмыс қазір жүргізілуде, – деді комитет төрағасы.
Сонымен қатар, халық саны 5 мыңнан асатын 8 ауылдың да бас жоспары жаңартуды қажет етеді. Олар: Мақаншы, Үржар, Бородулиха, Белоусовка, Мичурин, Подстепное, Качар ауылдары. Бұған қоса, 5 мыңнан аз тұрғыны бар аймақтарда, яғни 847 ауылда құжаттарды түзету керек. Ал, 1547 ауылда әлі бас жоспар мүлде жоқ.
Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбековтің айтуынша, генеральді жоспарларды түзету – уақыт, еңбек және қаржы жағынан күрделі процесс.