Гонконг тұмауы мен жедел респираторлық вирустық инфекциялар жағдайына байланысты Қазақстанның 12 өңірінде шамамен 10 мыңға жуық сынып қашықтан оқуға көшті. Бұл деректі бүгін Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Министрліктің мәліметінше, барлығы 652 мектептегі 9898 сынып онлайн форматқа ауыстырылған. Дәрігерлер әзірге індеттің шарықтау шегінен өткен-өтпегенін нақты айта алмай отыр.
Қалыптасқан жағдайды ведомство биылғы тұмаудың ерте белсенділігімен байланыстырады. Бұған жылы ауа райы түрткі болған.
– Жыл сайынғы жағдайдан айтарлықтай айырмашылық жоқ. Бірақ биылғы жылы ауа райының тым жылы болуына байланысты тұмаудың алғашқы толқыны бірнеше аптаға ерте басталды, – деді Ақмарал Әлназарова.
ӘР ӨҢІР ӨЗІ ШЕШЕДІ
Министр әр өңірдің өзі шешім қабылдайтынын еске салды: сыныптар мен мектептерді қашықтан оқытуға көшіру немесе көшірмеу – жергілікті биліктің құзырында. Сонымен қатар ол егер бір сыныптағы оқушылардың 30 пайызы сырқаттанса, онда вирустың таралуын тоқтату үшін қашықтан оқытуға көшіру орынды екенін атап өтті.
– Біз аязды күтіп отырмыз. Қазіргі ауа райы вирустың табиғи жолмен тоқтауына мүмкіндік бермей тұр. Сондықтан оны жасанды түрде тоқтатуға мәжбүрміз – яғни қашықтан оқытуға көшіру арқылы. Ал қазірдің өзінде қашықтан оқытуға көшкен өңірлерде сырқаттанушылықтың төмендегенін, жағдайдың тұрақтанғанын байқап отырмыз, – деді министр.
БҰҒАН ДЕЙІН
19 қараша, сәрсенбі күні Астананың бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Айгүл Шағалтаева ЖРВИ мен тұмау жағдайларының өсуіне байланысты елордада күшейтілген санитариялық-індетке қарсы шараларды енгізу туралы қаулыға қол қойды. Қаулының толық мәтіні Астана әкімдігінің сайтында жарияланды.
Шаралар құрамында: емханалар мен ауруханалардың жұмысын күшейту, науқастарды оқшаулау, қабылдау кабинеттерінің санын арттыру, маска режимін сақтау, дене қызуын бақылау, вирусқа қарсы дәрілердің жеткілікті қорын қамтамасыз ету бар.