Атышулы америкалық құжатта Әлиевтің есімі аталды

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев АҚШ-тан өзін Америкаға қоныс аударуға көмектесуді және 2 миллиард долларды қайтаруды сұраған. Бұл ақпарат Джеффри Эпштейннің жарияланған хаттарынан белгілі болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Хат алмасуларға қарағанда, 2007–2008 жылдары биліктегі ықпалын жоғалтқаннан кейін Әлиев Еуропада жасырынған. Ол активтерге қатысты дау Назарбаевқа Батыс алдында репутациялық зиян келтіреді деп есептеген.

НЕ СҰРАҒАН

Құжаттарда Рахат Әлиев АҚШ-қа қауіпсіз көшуге жәрдем сұрағаны көрсетілген. Сонымен қатар, Қазақстанда активтері тәркіленгеннен кейін, отбасы жоғалтты деген шамамен 2 млрд долларды қайтаруға үміт артқан.

“ҚҰРБАН”

Хаттардағы мәліметтерге сәйкес, Әлиев АҚШ заң шығарушыларын Қазақстанға сапарға жіберуді ұйымдастыратын компания жалдаған. Бұл компания оны саяси қуғын көрген адам ретінде көрсетуге тырысқан.

НЕ БОЛДЫ

АҚШ президенті қызметінде тұрған Барак Обаманың әкімшілігі бұл іске араласудан бас тартқан. Ал АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Ричард Хоагланд жергілікті билікке Әлиевтің АҚШ-ты өз мүддесіне пайдалануға талпынып отырғанын ескерткен.

ӘЛИЕВ

Рахат Әлиев әр жылдары Қазақстанның Салық полициясын басқарған, ҰҚК-нің мемлекеттік қауіпсіздік қызметі бастығының орынбасары болған, Австриядағы елшілік қызметін атқарған және Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары қызметін жүктеген.

2007 жылдың маусымына дейін ол Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаевамен некеде болды.

Ақша жылыстату, мемлекеттік illiк жасау және оппозиционер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен екі банкирді өлтіру істері бойынша қудалаудан қашу үшін елден кеткен. 2015 жылдың ақпанында Вена түрмесінен өлі күйінде табылды.

Өмірінің соңына дейін «Крестный отец» атты кітап жазып, Назарбаевтар әулетінің жасырын тұстарын ашуға тырысқан.

ЭПШТЕЙН

Джеффри Эпштейн — америкалық қаржыгер әрі мультимиллионер, саясаткерлермен, бизнес өкілдерімен және танымал тұлғалармен байланыстары арқылы белгілі болған.

2019 жылы ол кәмелетке толмаған қыздарды жыныстық қанауға және саудасына қатысы бар қылмыстық құрылым ұйымдастырды деген айыппен ұсталды. Тергеу Эпштейннің жасөспірімдерге интимдік қызмет үшін ақша төлегенін және оларды сатуы мүмкін болғанын анықтаған. Ұсталғаннан кейін бір ай өткенде ол тергеу изоляторында өз-өзіне қол жұмсаған. Егер сотталса, 45 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін еді.