Америкалық CNN телеарнасына сұхбат берген украиналық дереккөздің айтуынша, Дональд Трамп әкімшілігі ұсынған бейбіт жоспар мен Киевтің қабылдауға дайын шарттары арасында елеулі қайшылықтар бар. Бұл жай ғана «ұсақ-түйек келісілмеген мәселелер» емес, түбегейлі айырмашылықтар, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Дереккөздің сөзінше, жоспардағы 28 тармақтың басым бөлігі бойынша келісімге қол жеткізілген. Бірақ кемінде үш мәселе бойынша тараптардың көзқарасы түбегейлі бөлек.
Территория, әскер саны және НАТО мүшелігі
«БҰЛ – ҰСАҚ-ТҮЙЕК ЕМЕС»
CNN атап өткендей, бұл үш мәселе – Украина үшін «қызыл сызықтар», ал Мәскеу үшін принципті талаптар. Трамп әкімшілігі мұны «ұсақ-түйек келіспеушіліктер» ретінде көрсетуге тырысқанымен, іс жүзінде бұл – шешуші мәселелер.
БӨЛЕК ТАЛҚЫЛАНАДЫ
Украина президенті Владимир Зеленский кеңсесінің кеңесшісі Михаил Подоляк DW арнасына берген сұхбатында АҚШ президентінің бейбіт жоспары ішінара өзгергенін, «кейбір сезімтал мәселелер бөлек арнаға шығарылғанын» растады. Оның айтуынша, территорияға және Киевтің қауіпсіздік кепілдіктеріне қатысты мәселелер ең алдымен АҚШ, Украина және Еуропа басшылары деңгейінде талқылануы тиіс.
ЗЕЛЕНСКИЙ КЕЗДЕСУДІ КҮТІП ОТЫР
Украина президенті кеңсесінің басшысы Андрей Ермак Axios басылымына берген сұхбатында Зеленский осы аптада Дональд Трамппен жеке кездесіп, соғысты тоқтатудың ортақ жоспарын келісуді көздеп отырғанын айтты.